ОҚМПУ СТУДЕНТІ БІР ЖАРЫСТЫҢ ӨЗІНДЕ ҮШ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті дене шынықтыру және спорт факультетінің студенттері түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда олжалы болып, оқу орнымыз бен Шымқаланың беделі мен абыройын асырып келеді.

Кіл мықты жарыс жолына түскен сайыста ОҚМПУ-дің 1-курс 14-02-12-11 тобының студенті Қуаныш Бексұлтан бір жарыстың өзінде үш жүлделі орынға ие болды. Ол пара жеңіл атлетикадан тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымданған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 100 метр қашықтықты бағындырудан – І орынды, 200 метрлік дистанция бойынша – ІІ орынды және 400 метрлік дисциплина бойынша – ІІ орынды жеңіп алды.

Белбеу күрестен ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионатында күрестің классикалық түрі бойынша 52 кг. салмақ дәрежесінде осы факультеттің 14-02-12-20 тобының студенті Венера Тұрсынбек ІІІ орынға лайық деп танылып, қола медальге ие болды.

Жігерлі шәкірттерімізді орасан қажыр-қайратпен келген жеңістерімен құттықтаймыз!