ӘСКЕРИ КАФЕДРАНЫҢ ОҚУ БАЗАСЫ КЕШЕНДІ ТҰРҒЫДА ЖАҢАРДЫ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің әскери кафедрасы еліміздің әскери білім алған резервін дайындауда және толықтыруда стратегиялық міндеттер атқарады.

Полковник Алмас Советұлы Айтов басшылық жасайтын әскери кафедра Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің бұрығымен бекітілген және салалық министрліктер тарапынан әзірленген құжаттар негізінде әскери-есептік мамандық студенттерін әскери іске үйретіп, олармен тактикалық оқу-жаттығулар өткізеді. Әскери-патриоттық міндеттер шеңберінде тәрбие жұмыстарын ұйымдастырып, үйлестіреді.

Кафедрадағы әскери дайындық Қазақстан Республикасының жұмылдырылған қорын дайындауға бағытталып, әскери-есептік мамандықтар бойынша запастағы офицерлерді, сондай-ақ запастағы сержанттарды дайындауға арналған. Бұл бағытта тыңдаушылар атқыштық, автомобильдік, граната атқыштық, пулеметтік, өртке қарсы қорғау және құтқару жұмыстары, өртке қарсы қызмет және әскери барлау мамандықтары бойынша әскери дайындық және азаматтық қорғаныс салаларына қатысты практикалық және тактикалық дәрістер өтеді.

Соңғы жылдары әскери кафедраның оқу-материалдық базасын кешенді дамыту жұмыстары жүргізіліп, студенттердің әскери іс бойынша толыққанды білім алуына мүмкіндіктер жасалды. Оның ішінде кафедрада арнайы кітапхана ашылып, қажетті әскери-тактикалық оқулықтармен толықтырылды, оқу аудиториялары толықтай компьютерлік техникалармен жабдықталды, көрнекі-жаттығу құралдары - стендтер мен макеттер ортатылды, тыңдаушылардың практикалық білімін жетілдіруде әскери техникалар алынды, әскери дайындыққа қажетті инженерлік жүйелер орнатылып, тактикалық оқу процесстерін тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалды.

Қолға алынған кешенді жұмыстардың нәтижесінде ОҚМПУ-дің әскери кафедрасы еліміздегі алдыңғы қатарлы кафедраларға айналып, ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан жоғары бағасын алды.

Отан қорғаушылар күні қарасаңында әскери кафедраның оқытушылар құрамын, тыңдаушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Еліміздің қорғаныс әлеуетін нығайтуға қосып жатқан үлестеріңізге алғысымызды жеткіземіз, елімізге амандық, бейбіт аспан тілейміз!