ОҚМПУ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ТАЛАПКЕРЛЕРДІ ҚАБЫЛДАУДЫ БАСТАДЫ

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 2023-2024 оқу жылына талапкерлерді қабылдау комиссиясы жұмысын бастады. Университеттің 6 факультеті бакалавриаттың – 33, магистратураның – 21, докторантураның – 12 білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді іске асырады.

ОҚМПУ-ды таңдап, қабылдау комиссиясына құжат тапсырған алғашқы талапкерлерді ОҚМПУ Басқарма мүшелері стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек пен академиялық мәселелер жөніндегі проректор Айнаш Кудышева құттықтап, жастардың өз өмірінде жасап жатқан ең маңызды сәтіне табыстар тіледі.

«Университеттің қабылдау комиссиясы алдында үлкен міндеттер тұр. Стратегиялық жоспарымызда жаңа оқу жылына 3 мың студентті қабылдау жүргізу айқындалған. Оның ішінде шет елдік білім алушылар контингентін ұлғайту міндеттемесі бар. Осы бағытта күні кеше Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, өзбекстандық ағайынға ОҚМПУ-дің мүмкіндіктерін таныстырдық. Жоғары білім алуға ынталы жастарды қолдап, оқуға түсушілерден құжат қабылдауда жоғары қызмет деңгейін көрсетесіздер деген сенімдемін», - деп атап өтті Баршагүл Қашқынқызы.

Қабылдау комиссиясына құжат өткізуге жүгінген алғашқы талапкерлердің қатарында Түркістан облысының Төлеби ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны Дина Нышанбай мен Өзбекстанның Ташкент облысынан Нұрдос Есімқұлов бар. Бұл екі талапкер де дене шынықтыру және спорт факультетін таңдап, спорттағы биік жетістіктерін дене шынықтырудың теориясы мен әдістемесі тұрғысындағы жоғары біліммен ұштастырмақ. Комиссия мүшелері талапкерлерге қажетті құжаттар толтыруға жәрдем беріп, өздері таңдаған мамандықтардың ерекшелігі мен ОҚМПУ-дің мүмкіндіктері жөнінде ақпарат ұсынды.