СТУДЕНТТЕР АКАДЕМИКПЕН КЕЗДЕСТІ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университінде “1-желтоқсан- Тұңғыш Президент күніне“ орайластырылып Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, "Құрмет” орденінің иегері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиевпен кездесу болып өтті.
Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызы айтулы мерекенің мән-мағынасын сөз етіп, Тұңғыш Президент күні қарсаңында еліміздегі белгілі қоғам қайраткерлері және көрнекті ғалымдарымен кездесу өткізу дәстүрге
айналғанын айтып, жиын қонағы академик Кәрімбек Құрманәлиевке сөз берді.
Белгілі ғалым университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне арнап ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының өзегі - адами капиталды дамытудағы ерен еңбегі туралы әңгімеледі. Елбасының білім саласындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолға алған бірегей жобасы - “Болашақ” бағдарламасының қабылдану тарихына тоқталып, әлемдік университеттерде білім алған жаңа тұрпатты жас кадрлардың еліміздің әлеуметтік-экономикасының дамуына қосып жатқан мол үлестерін баяндады.
Сондай-ақ, “Білім мен ғылымды екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды” деген Елбасы тұжырымдамасының арқасында елдің адами әлеуетін арттыру бойынша мемлекеттік бағдарламалар қабылдануына жол ашылып, нәтижесінде тәуелсіздіктің жемісі ретінде ғылым- білім жүйесі жетілдірілгенін тілге тиек етті.
Кездесу аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған Кәрімбек Құрманәлиевтің академиктер туралы жазылған “Тіл және Тұлға” кітабының таныстырылымы өтті.
Кездесуде сөз алған профессорлар мен жас ғалымдар тағлымдық - танымдық жүздесу болғанын атап өтті және академиктер жайлы жазылған еңбегі университет ұжымына да қолжетімді болатындығына қуаныштарын жеткізді.
Кездесу соңында академик университет кітапханасының қорына жаңа кітабынан бөлек, “Қазақ тілінің сөзжасамы” оқулығы мен “Сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық мәселелері” атты монографиясын тарту етті.