«Ізгілік іздері» көрмесі

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Өнер және білім факультетінің ардагер ұстазы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ділдәбай Кемешевтің «Ізгілік іздері» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.

Қылқалам шеберінің 70-тен аса төл туындысы көрермен назарына ұсынылды. Бояуы қанық, тылсым сырлы көркем суреттер қазақ тарихы мен дәстүрінен сыр шертеді. Автордың сөзінше оның еңбектерінің мақсаты – жастарымызға рухани тәрбие беру, отанға сүйіспеншілігін, рухын ояту және ұлттық тәрбие беру арқылы елімізді әлемге танытатын танымал тұлғаларды шығару болып табылады екен. Сонымен қатар көрме туындыларымен қоса көрермендер Ділдәбай Әнуарұлының оқу құралдары мен ғылыми еңбектерімен де танысты.

Кеш соңында көрме авторы жастарды кәсіптік оқыту және еңбекке баулу, ғылым жолына бағыттаудағы сүбелі үлесі үшін университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованың «Алғыс хаттарымен» марапатталды.