ПРОФЕССОР ҚАЛДЫБАЙ БЕКТАЕВ АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ-ОҚУ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

27-қарашада  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 85 жылдық мерейтойына орай филология ғылымдарының докторы, профессор Қалдыбай Бектаев атындағы мұражай-оқу аудиториясының ашылу салтанаты өтті. Жиынға университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева бастаған оқытушы-профессорлар, ғалымның ұрпақтары мен шәкірттері қатысты.

Көрнекті ғалым, тіл білімі және ақпараттандыру жөніндегі білікті маман, математикалық және инженерлік лингвистиканың негізін қалаушылардың бірі, түркологияны жаңа математикалық-инженерлік әдістемелермен зерттеудің пионері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының Оңтүстік Қазақстан аймақтық бөлімшесінің президенті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, математика профессоры, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері, профессор ҚАЛДЫБАЙ БЕКТАЕВ 1920 жылы 27 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында шаруа отбасында өмірге келген.

Қ.Бектаев 1933-1934 жылдары бастауыш мектепті бітірген соң Ташкент қаласындағы политехникалық техникумда, 1935-1937 жылдары Орта Азия финанс-экономикалық институтының рабфагінде оқыған. 1937-1941 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің (ОАМУ) студенті, 1941-1945 жылдары Совет Армиясы қатарында Ұлы Отан соғысына қатысып, 1945 қазан айында қайтып оралған. Соғыстан оралған соң ОАМУ-дегі оқуын жалғастырып, оны 1946 жылы бітірген.

1946-1956 жылдары Шымкент мұғалімдер институтында оқытушы қызметін атқарған. 1956-1965 жылдары және 1970-1994 жылдары кафедра меңгерушісі, 1965-1968 жылдары физика-математика факультетінің деканы қызметін атқарған. 1955 жылы физика-матиматика ғылымдары кандидаты, 1975 жылы филология ғылымдары докторы ғылыми атақтарын қорғаған. 1976 жылдан математика профессоры, 1995 жылдан Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.

Профессор Қалдыбай Бектаев – бүкіл түркі тіліне лингвистикалық статистика әдісін қолданудың ғылыми негізін алғаш рет қалаған ғалым. Оның еңбектері инженерлік лингвистика ғылымы бағытының пайда болуы мен дамуына үлкен үлес қосқан. 1968-1974 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының «Статистикалық-лингвистикалық зерттеулер және автоматтандыру» тобын ұйымдастырып және басқарған. 1989-1993 жылдары СССР Министрлер кеңесінің ғылым мен техника мемлекеттік комитетінің машиналық аударма жайындағы координациялық кеңесінің мүшесі болған. Белгілі ғалым Р.Г.Пиотровскиймен бірге бүкілодақтық «Статистика речи» тобын басқарған.

1984-1993 жылдары Мәскеу қаласындағы КСРО Қорғаныс министрлігі жанындағы докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнайы кеңестің мүшесі болған. 1989-1993 жылдары машинамен аударма жасау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде қызмет атқарған. Қ.Бектаевтың басшылығымен қазақ тілінде баспадан шыққан барлық терминологиялық сөздіктерге төлқұжаттар беріген. Олардың 50-і цифрландырылып, компьютердің жадына енгізілген. 1983 жылы Қ.Бектаевтың қатысуымен орыс тілінің сөздік қоры құрылып, осыған байланысты Мәскеу мемлекеттік университетінде конференция ұйымдастырылған.

Шымкент педагогикалық институтында «Тілдерді оқытудың статистикалық тиімділігі» атты 2 семинар өткізілген. Осылардың негізінде оның құрастырған лексикографиялық компьютерлік қорын тіл мамандарының мақсатты пайдалануы үшін кең жол ашылған. 1994 жылдан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті президентінің кеңесшісі болған. 1996 жылы университеттің Шымкент бөлімі жанынан «Түркі тілдері терминдерінің компьютерлік қоры» ғылыми лабораториясын ашып басқарған.

Профессор Қ.Бектаев өмірінің соңына дейін 50 жыл 3 ай бойы Шымкент педагогикалық институтында әр түрлі лауазымда қызмет атқарған. Ол бүкіл ғұмырын жастарды терең біліммен қаруландыру мен халық дәстүрі негізінде тәрбиелеуге арнаған. Ол өз шәкірттеріне ғылымды дамыту арқылы елдің мәртебесін көтеру керектігін түсінікті баяндап, олармен тілдесуге әрдайым уақыт табатын. Қ. Бектаев 38 кітап (монографиялар, оқулық және оқу құралдары, сөздіктер) және 200-ге жуық ғылыми-әдістемелік мақалалар жариялаған.

Ғалымның «Қазақ тілінің кері алфавитті сөздігі» (1972ж.), 2 томдық «Математические методы в языкознании» кітабы (1973-1974ж.), авторлық бірлестікте Мәскеу қаласында жарық көрген. «Математическая лингвистика» (1977ж.) оқулығы, «Статистико-информационная типология тюркского текста» (1978ж.), «М.О.Әуезовтың «Абай жолы» романының жиілік сөздігі» (1979ж.), «Орысша-қазақша математикалық сөздік» (1986ж.), «Ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистика» (1990ж.), «Қысқаша орысша-қазақша сөздік» (1989ж., 1991ж.), «Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік» (1999ж.) атты еңбектері қазақ тілі білімінің лингвостатистикалық әдістерімен зерттеуге негізделген жаңа саласын дамытуға қосқан ерен үлесі.

Профессор Қ.Бектаев туралы сипаттама және оның еңбектері тізімдері Ұлыбританияда шығатын «Өмірі өнегелі жандардың дүниежүзілік энциклопедиясының» XXIV томына енгізілген.

Қ.Бектаев – жоғары деңгейдегі мамандар даярлау ісіне қомақты үлес қосушы ғалым. Оның жетекшілік етуімен 18 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалған. Отан алдындағы және Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген үлкен еңбегі, майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», Ы. Алтынсарин атындағы және т.с.с. 9 медальмен марапатталған. Қ. Бектаев – Қазақ Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

1994 жылы Шымкент қаласына сіңірген ерен еңбегі үшін профессор Қ. Бектаевқа «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы берілген. Қазақстан ғылымының ардагері, талантты ұстаз, Отанының патриоты, дархан жүректі абзал азамат, өнегелі отбасының иесі Қ. Бектаев 1996 жылы 16 қазанда 76 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

49 жыл отасқан жары, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Мария анамыз екеуі тәрбиелеп өсірген төрт ұлдан тараған немере-шөберелері еліміздің түрлі өңірлерінде саналы қызмет етіп, білім алуда.

Бүгінде профессор Қ.Бектаевтың атында Түркістан облысының Ордабасы ауданында мектеп пен Шымкент қаласында көше бар, жарты ғасыр қызмет атқарған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде арнайы компьютерлік дәрісхана ашылған. Солардың қатарын ұлағатты ұстазға арналған оқу-мұражай кабинеті толықтырып, студенттер игілігіне берілді.