ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БИІГІНДЕГІ ТҰЛҒА

Бүгін 2022 жылғы 26 желтоқсанда әдебиетші, сыншы, публицист, профессор, ҚҰҒА құрметті мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» орденінің және мемлекеттік стипендия иегері Құлбек Ергөбектің 70 жылдық мерейтойына арналған "ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БИІГІНДЕГІ ТҰЛҒА» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Тағылымы мол жиынды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева салтанатты түрде ашып, ұлағатты ұстазды мерейлі мерекесімен құттықтады. Деніне саулық, еңбегіне табыс тілей отырып, «ОҚМПУ Құрметті профессоры» атағын берді.

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың құттықтау хатын Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.

Сондай-ақ мерейтой иесіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атынан Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан және өзге жоғарғы оқу орындарынан, ҚР Ұлттық Ғылым академиясынан әріптестері, замандастары ыстық ықылас білдіріп, құттықтау хаттарын жолдады.

Ұлы дала өркениетінде өзіндік орны бар қасиетті Отырардың тумасы, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ғылым жолына арнаған Құлбек Сәрсенұлына арналған конференция отырысын шетелдік ғалымдардың ұстаздың қазақ әдебиетіндегі ғылыми еңбектері жайында толғаған баяндамалар легі жалғастырды.