Роботтар жарысы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде

25.04.19

Жуырда «KazRobotics Қазақстандық спорт және білім робототехника федерациясының» ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «KazRobotics-2019» республикалық чемпионаттың іріктеу кезеңі өткізілді. Шарада бағын сынаған үміткерлер өз жобасын екі бағыт бойынша корғап шықты. Алдымен «КазРобоспорт-2019» робо-спартакиадасының іріктеу туры болса, екінші бағытта әрбір қатысушының төл туындысы «КазРобопроект-2019» робо-жобалар байқауында сыналды. Аталған іс-шара республикалық чемпионатқа Шымкент қаласының ұлттық командасын іріктеу мақсатында жүргізілді.

Қатысушыларды тіркеуден өткізгеннен соң, оларға тестілеуден өтуге және трассы тасуға арнаулы уақыт берілді. Төрешілер әр бөлімде үміткерлерді қатаң қадағалап, еңбектеріне баға берді. Чемпионатқа колледждер, мектептер және техникалық шығармашылық орталықтарынан A, B, C лигалары бойынша үлкен және кіші жастағы оқушылар сызық бойынша жарысу, кегельринг, кегельринг-квадро, робосумо, робосумо мини, робосумо жүретін роботтар, биатлон, эстафета, лабиринт санатындағы роботтардың түрлері және шығармашылық санаты шығармашылық жоба бағыттары ғылыми-техникалық жобалар сайысы бойынша қатысты.

       Роботтар – қарқынды дамып келе жатқан болашақтың жоғарғы технологияларының бірі. Қазіргі кезде роботтардың өміріміздің көптеген саласына еніп үлгергенін және олардың уақыт үнемдеудің тиімді тәсілін қалыптастыратынын осы жарыс барысында байқадық.  «КазРобопроект-2019» робо-жобалар байқауына барлығы 34 жұмыс ұсынылды. Бас төреші ретінде оқушылардың құрастырған роботтарының функциясымен жеке-жеке танысуға тура келді. Қызықты әрі маңыздылығы басым роботтардың жұмысына тоқталып өтейін.
        Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында мылқаулар мәселесі үнемі тасада қалып келеді. Әлемдік дереккөз бойынша, бүгінде дүниежүзіндегі адамдардың 6 пайызы саңыраулықтан зардап шегеді екен. Ал елімізде қазіргі таңда 90 мыңнан астам мылқау тіркелген.  Басқалар сияқты сөйлесуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан да олардың құқы сақтала бермейді. №59 жалпы орта мектептің  оқушысы Саят Тастанбековтың  құрастырған «Сурдоаудармашы» атты роботы осы мәселені шешуге бағытталған. Жобасының мақсаты – сөйлей алмайтын жест тілін электронды аудармашы арқылы дыбысқа келтіріп қарапайым адамдардың тіліне аудару.

    Қазіргі таңда ірі қалаларда автотұрақ мәселесі басты орында. №1 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Бегалы Нұрбақыт проблеманы шешу үшін шетелдік тәжірибеге сүйенгеніміз дұрыс дегенді айтады. Көлік қоятын орындардың жетіспеушілігін азайту үшін Lego EV3  конструкторынан құрастырылған «Автоматтандырылған автотұрақ» роботы көпшіліктің назарын өзіне аударды. Оқушының құрастыруына Сингапурдегі көлік иелерінің темір тұлпарын үйінің ішіне қалдырып кететіндігі себеп болыпты. Нұрбақыттың айтуынша бізідің мегаполис қалаларымыз үшін де мұндай автотұрақтар тиімді.

      №80 мектеп-лицейінің оқушысы  Елубай Дәулет пен Төребеков Нұрсұлттаның «Зағип жандарға арналған бас киімі» көру мүмкіндігінен айырылған жандарға көмек ретінде құрастырылған. Бұл бас киім ультрадыбыстармен белгі беру арқылы кедергілер мен қауіптерден қорғануға көмектеседі. Алдағы уақытта GPS қондырғысын орнатуды да көздеп отыр.

     Чемпионат қорытындысында 6-13 жас аралығында Сызық бойымен жарыста №127 мектептің оқушылары Саттархан Нұрла мен Большевик Нұрболат, ал 14-18 жас аралығында №69 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары Рыскелді Әділет пен Қасымбек Бекболат, Кегельринг-квадро бағыты бойынша да №69 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары Базарбаев Мұхаммед пен Абдрасил Нұрболат, Робосумо бағыты бойынша 6-13 жас аралығында Robo Park техникалық білім беру орталығының білім алушылары Мақсұтов Ғабит пен Мақсұтов Сәбит, 14-18 жас аралығында З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің оқушылары Алиманов Иманғали мен Садық Әділбек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ІТ сыныбының «Робототехника» саласы бойынша білім алушылары Мелдеханов Герман мен Аяпберген Дінмұхаммед, Лабиринт бағыты бойынша №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының оқушылары Жүзбаев Абылайхан мен Тұрмағанбет Мұқағали, Адымдаушы робосума бағыты бойынша №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының оқушылары Қошқарбек Төреби мен Анықбайұлы Бағдат, ал 10-15 жас аралығында KazRoboProject бойынша №59 жалпы орта мектептің  оқушысы Тастанбеков Саят, 16-21 жас аралығында Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан»  мектебінің білім алушысы Балтабаев Санжар жеңімпаз атанып, Шымкент қаласында өтетін KazRoboSport жарысының республикалық кезеңіне жолдамасына ие болды. 

      Еліміздегі өнеркәсіптің қарқынды дамуы, жаңа технологиялардың бой көтеруі  өскелең ұрпақты жоғарғы білікті техникалық сала мамандары ретінде даярлауды талап етеді. Осы ретте мұндай доданың өткізілуі оқушылар мен жастардың жоғары технологиялық және инновациялық қызығушылықтарын арттырып, робототехника саласының дамуына серпін береді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті де жас саланы жетілдіруде тынымсыз еңбек ете бермек.