ПЕДАГОГ МАМАНДАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ

2023 жылдың 3 ақпанында ОҚМПУ бітіруші курс студенттері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Раева Аянай Мұхитқызы және Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Сарғалдақов Нұржан Қыдырбайұлымен кездесті.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Б.Қ. Исабек Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қолдауымен жастарға жасалып жатқан бағдарламалардың маңыздылығын ескере отырып, бітіруші түлектерге үлкен мүмкіндіктер бар екендігін айтып, сәттілік тіледі.

Кездесу барысында, спикер Аянай Мұхитқызы еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне тікелей байланысты екендігін, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүк те, сенім де қазір күшейіп келе жатқандығын атап өтті.

Сонымен қатар, бітіруші түлектерге педагог мамандарға да мемлекеттік қызметке тартылу мүмкіндігінің қарастырылғанын және ауылдан шыққан жастарға ерекше қолдау болатындығын түсіндіріп берді. Жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер аясында бірнеше сұрақтар қойылып, тиісті дәрежеде жауаптар алынды.