ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ «САНДАР СЫРЫН» ШЕРТКЕН КӨРМЕМЕН АШЫЛДЫ

Қазақстанда 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні болып бекітілген.

Атаулы күнге орай ғылымның бастауы болған жоғары оқу орындарында ғылым апталығы өтіп, отандық ғалымдардың ғылыми ізденістері, жеткен жетістіктері, бағындырған биіктері сараланып, ғылым мен білім саласындағы ілкімді істер таразыланады.

Оңтүстік өлкесінің ұстаздар қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті қазақстандық ғалымдар күні мерекесіне орай апта бойы өтетін ауқымды іс-шаралар тізбегін әзірлеп, бекітті.

Мерекелік бағдарламаға сәйкес университеттегі ғылым апталығы бүгін ҚР Құрметті ұстазы Алмас Шулезбайұлы Халықовтың «Сандар сыры» шығармашылық көрмесінің ашылуымен басталды.

Көрме жұмысына қатысқан ОҚМПУ Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сүгірбаева универсиеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерді ғылым апталығының басталуымен құттықтап, барлық ғылымның бастауында педагогика тұратындығын, әрбір ғалымның артында ұстаздың өлшеусіз еңбегі болатынын атап өтті.

«Апталықты әріптесіміз Алмас Шулезбайұлының «Сандар сыры» шығармашылық көрмесімен ашуымызда үлкен мән бар. Сан дегеніміз ғылыммен байланысты ұғым. Әрбір санның артында ой өрісі, даналық дерегі, діни көзқарас ұштасқан. Цифр дегеніміз өлшем бірлігін білдіретін математика ғана емес, ол – өзегі білімнен тамыр тартқан терең философиялық тұжырым. Бүгінгі көрме қазақтың ұлттық танымымен түзілген дала философиясының бейнесі», - деп бағалады Гүлжан Дәулетбекқызы.

Іс-шара барысында көрменің мән-маңызы жөнінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, универсиететтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесхан Сманов өз пікірін білдірсе, ҚР Құрметті ұстазы Алмас Халықов авторлық шығармашылық көрмесі жайлы кеңінен таныстыріп, туындыларының тақырыптық ойын жеткізді.

Ғылым апталығының іс-шаралары Ғылыми координациялық кеңестің кеңейтілген отырысымен жалғасып, оған қатысушылар «Ғылым және техникалық саясат» Заң жобасын талқылады, универсиеттің ғылыми зерттеу жұмыстарын ынталандыру ережесі мен ғылыми кадрларды даярлау ережесін қарастырып, бекітуге ұсынды.