ТӘЖІРИБЕЛІ ПЕДАГОГТАРДЫҢ ШЕБЕРЛІК ДӘРІСТЕРІ ӨТТІ

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде қалалық білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасу бойынша оқу- әдістемелік апталық бүгін жаратылыстану факультетінде жалғасын тапты.

«Болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру» тәжірибе алмасу семинары аясында оған қатысушылар химия, биология, құқық және экономика негіздері, география және тарих мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламалары шеңберіндегі өзекті мәселелерді талқылап, болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлығын шыңдауда келелі ойларымен бөлісті, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Апталық шеңберінде университеттің Мұхтар Шаханов кабинетінде «Педагогтердің білімін бағалауға арналған тапсырмаларды талдау» тақырыбы аясында мұғалім шеберліктерінің дәрістері өтті. Тәжірибе алмасу дәрістері Шымкент қаласының А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің биология пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Н.Абдрашованың, №52 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Ұ.Камалованың, «Cambridge Line» мектебінің география пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы С.Акилбаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында тәжірибелі педагогтар өздерінің практикалық жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби шеберлікті шыңдау, білім беру материалдарын оқушыларға тиімді жеткізу әдіс-тәсілдері, білім беру үрдісін қосымша оқу материалдарымен, үздік бағдарламалармен қамту мәселелері бойынша ізденістерін таныстырды.