ОҚМПУ ФОРУМ ҚОНАҚТАРЫНА ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ САПАР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумының қатысушылары үшін бүгін «Жаңарған, жаңғырған, түрленген Түркістан» тарихи-танымдық сапар ұйымдастырылды.

Сапар барысында республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, оқу орындарының салалық департамент басшылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері Түркістан облысының аумағындағы бірқатар тарихи-мәдени нысандармен танысып, ұлт руханиятында өзіндік орны бар киелі орындардың шежіресі жөнінде кең мағлұмат алды.

ОҚМПУ қонақтары алдымен көне Отырар жеріндегі еңселі сәулет өнерінің ескерткіші – Арыстан баб кесенесіне аялдап, қазақ даласының әулие-әнбиелеріне арнап Құран бағыштады. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ұстазы болған Арыстан баб жайлы ел аузындағы аңыздармен танысып, кесененің тұрғызылу тарихы, сәулеттік ерекшеліктері, қорымның қорғалуы, киелі топырақта мәңгілік дамыл тапқан тарихи тұлғалар жөнінде мазмұны терең ақпарат алды.

Тарихи-танымдық сапарға қатысушылар орта ғасырлардағы әйгілі Отырар қаласының орны болған аймақта болып, көне қаланың қалдығы саналатын Отырар төбемен танысты. Отырар ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде танымал. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Темірлан қайтыс болады. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты. Қала жұрттың жалпы сипаты Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық ескерткіштердің көпшілігінің сипатына тән.

Форумға қатысушылар Түркістан қаласына жетіп, ұлт руханиятының орталығы саналған шаһардың жаңарған келбетімен, түлеген тынысымен танысты. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне келген меймандар алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, осында жерленген қазақ хандарының, бектері мен батырларының, игі жақсыларының рухына Құран бағыштап, тағзым етті. Ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткішін, кесене аумағындағы тарихи ескерткіштермен жақыннан танысып, көне Түркістанның тарихы жөнінде қызықты деректерге қанық болды.

Форумға қатысушы қонақтар іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне және тарихи таным тынысын кеңейтуге жәрдемші болған Түркістан аймағының киелі жерлеріне сапар ұйымдастырғаны үшін ОҚМПУ ұжымына шексіз алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.