БИ ҮЙІРМЕСІ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ-ТАЛҒАМНЫҢ ОБРАЗЫН АЙШЫҚТАУДА

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің Қоғамдық кәсіптер орталығы «жаңа буын» ізденушілерін даярлау арқылы дәстүрлі өнер құндылықтарын кәсіби көзқарас тұрғысынан бағалауға үйретуді, студент жастардың бойындағы талабы мен тұлғалық қабілетін шыңдауды мақсат тұтады.

Орталық жанынан ашылған шығармашылық ұжымдардың қатарында би үйірмесі ерекше сипатымен дараланып, талғам мен сезімнің биік шыңын, эстетикалық болмыстың жоғары талабын айшықтайды. Би үйірмесі студенттерге халықтық би өнерінің элементтері мен классикасын үйретіп, жастарды академиялық қимыл-қозғалыстар жасауға және сахнада топпен синхронды көркемдік образын сомдауға баулиды.

Үйірмеге кәсіби хореограф мамандар Қуат Таукеев пен Ләззат Ергебекова жетекшілік етеді. Мұнда қазір 20 студент шығармашылық қабілеттерін шыңдауда.

Үйірме жанынан студенттік «Тұмар» би ансамблі жасақталып, университетте және Шымкент қаласында өтіп жатқан көптеген мәдени шараларға белсене қатысуда.

«Тұмар» би ансамблі Шымкент қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында спорттық би жарыстың жеңімпазы атанса, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған «Би Падишасы» республикалық хореография байқауында бас жүлдегер атанды.

Би үйірмесіне қатысып, көркемдік пен нәзіктікті қатар алып жүрген студенттеріміз халықтың ұлттық болмысын, эстетикалық талғамын, мәдени тынысы мен идеялық өрнегін меңгеруде жан-жақты шығармашылық ізденістер жүргізіп, ұлттық мотивтердің өнер көгінде еркін қалықтауына жол ашып келеді. Ұлттық таным-талғамның көркемдік образын айшықтауға жәрдемші болып жүрген шәкірттерімізге биік шығармашылық табыстар тілейміз!