МЕМЛЕКЕТТІК ОҚУ ГРАНТЫ БОЙЫНША ЖҰМЫС ӨТЕУ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқитын бітіруші курс студенттері мен магистранттар, докторанттар «Қаржы орталығы» АҚ-ның ресми өкілімен кездесуі өтті.

Жиынды университеттің басқарма мүшесі – стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Қашқынқызы Исабек ашып, жүргізді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесіне үнемі көңіл бөліп келеді. Еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өткен жиында Президент жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асатынын атап өтіп, «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керектігін айтты. Мемлекет қарастырған оқу грантының өтеуі бар бар екенін білесіздер. Оның тәртібі қандай, бітіруші түлектердің осы мәселедегі алдағы іс-қимылы қандай болуы керек деген саулдарға жауап беру үшін университетімізге уәкілетті органның өкілі келіп, сіздермен жүздесіп отыр»,- деп атап өтті Б.Қашқынқызы.

Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ мониторинг және бақылау департаментінің маманы М.Байсеркешова «Білім туралы» ҚР Заңының талаптары мен ҚР Үкіметінің қаулысыннда бекітілген тәртіпте жас мамандар мен философия докторларының (PhD) жұмыс өтеу міндеттемелерін түсіндірді. Спикер мемлекеттік мониторинг және бақылау санатына ауыл квотасы, мемлекеттік білім беру тапсырысы, «Серпін» бағдарламасы, философия докторлары (PhD) жататынын атап өтіп, жұмыстың үш жылдық өтеу мерзімі бекітілгенін жеткізді.

«Білім туралы» Заңының талаптарына сәйкес, оқу бітірген жылы бөлу комиссиясының шешімімен жұмысты өтеу міндетінен мына санаттар бойынша босату қарастырылғанын атап өтті:

- жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда;

- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

- магистратураға, докторантураға одан әрі оқуға түскен, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға түскен адамдарға;

- жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оларды өздері тәрбиелеп отырған адамдарға беріледі.

- Мерзімді әскери қызметке түскен немесе шақырылған кезде Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарына қызмет өткеру уақыты жұмыспен өтеу мерзіміне есепке жатқызылмай, қызмет өткеру уақытына кейінге қалдыру беріледі.

Кездесу барысында студенттер мен магистранттар жұмыс өтеу міндетемелері бойынша өздерін толғандырған мәселелер бойынша жауаптар алды.