ОҚМПУ-ДА «ТЫЛСЫМ ТАБИҒАТ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

 

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Сұлтан Наханұлы Жаңбыршиевтің «Тылсым табиғат» авторлық шығармашылық көрмесі ашылды.

 

С.Жаңбыршиев – оқу орнымыздың түлегі, көркемсурет және еңбек мамандығы бойынша бітірген. Сұлтан Наханұлы еңбек жолын өзі білім алған оқу орнынан бастап, сурет кафедрасында оқытушы қызметін атқарды. Білім беру ісін ғылым игерумен жалғап, Мәскеуде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

 

Суретші-педагог оқу орнымызда дизайн кафедрасына, М.Әуезов универсиетінде кескіндеме кафедрасына жетекшілік ете жүріп, шығармашылықтың шалқар шабытын шыңдады, ғажап туындылары арқылы қоғамға мүмкіндігін, талантын, күш-қуатын берді. 

 

Педагогика ғылымдарының кандидаты С.Жаңбыршиев қазіргі таңда ОҚМПУ кәсіптік оқыту және бейнелеу өнері кафедрасының доценті міндетін атқарады. Талантты суретші, талапты ұстаз талай дарынды магистранттар мен студенттерге ғылым жолында өзіндік сүрлеуін салуға жәрдемші болып, жетекшілік жасады. 

 

Ғылымның ғаламат әлемін бейнелеу өнерімен қабыстырып, шебер үйлестіре білген ғалымның осы күнге дейін 100-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді. С.Жаңбыршиев монографияның, үш оқулықтың, екі оқу құралының, он әдістемелік нұсқаудың, алпыстан астам ғылыми мақалалардың, электронды оқулықтың авторы. Ғалымның «Қарасу» атты картинасы мектептің екінші сынып оқушыларына арналған «Көркем еңбек» оқулығына енген. 

 

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан ОҚМПУ Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Дәулетбекқызы университеттің «Шаңырақ» ғимаратында елімізге белгілі, талантымен танылған оқытушы-профессорлық құрамның авторлық көрмелелерін өткізу игі дәстүргі айналғанын жеткізді. Осы арқылы біз адам баласын биік парасат пайымына жеткізіп, қоғамға ізгілікті үнімізді арнап отырмыз деп бағалады

.

«Сұлтан Наханұлының бүгінгі авторлық көрмесі табиғат тынысына арналды. Адамзат ғұмыр бойы табиғатпен үйлесімде ғұмыр кешеді. Жаңбыршиев өзінің ғажап туындылары арқылы табиғатқа деген мәңгілік сүйспеншілігін, махабаттын білдіреді. Бейнелеу өнері арқылы өмір философиясын сездіреді. Жаңбыршиевтің авторлық көрмесімен танысқан шәкірттеріміз ғұмыр мазмұны, қоршаған орта, тылсым табиғат жөнінде құнды мағлұматтар алады деген сенімдемін», - деді Г.Дәулетбекқызы.

 

Көрмеге қатысушылар педагогикалық бағыттағы оқу орнымыздың басты ерекшілігі адамның жеке қабілетін, бойындағы табиғи дарынын шыңдау екеніне назар аударып, суретшінің көзімен табиғаттың адам баласының кемелденуіне қосар үлесін пайымдады.