ОҚМПУ ЕЛУ ЖЫЛ БҰРЫҢҒЫ ТҮЛЕКТЕРІН ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛДЫ

 

Түлектердің араға жылдар салып кездесуі, сағыныса қауышуы – оқу жылы аяқталар тұстағы ең керемет сәт. Бүгін ОҚМПУ өзінің 1973 жылы бітірген түлектерін құшақ жая қарсы алды. Көркемсурет және графика мамандығын осыдан 50 жыл бұрын бітірген түлектер қанат қаққан алтын ұясына жиналып, білім алған қарашаңырағына құрметін көрсетті.

Шымкент педагогикалық институтында 1969 жылдан бастап жалпы білім беретін орта мектептерге арналған бейнелеу өнері және сызу мұғалімдерін даярлау ісі қолға алынды. Осы білім беру бағыты бойынша көркемсурет және графика мамандығын алған алғашқы 24 түлекке еліміздің әр қиырына, әр салада еңбек етуге жолдама берілді.

Өңірдегі маңдай алды білім ошағын бірегей мамандық бойынша бітірген жиырма төрт шәкірттің он біріне ғана кәсіби маман атанудың елу жылдық белесін көру бұйырыпты. Шоғыр талантты тәрбиелеген топтан 2 ғылым докторы, 3 профессор, 2 доцент шыққан. Көркемсурет академиясының ректоры, Суретшілер Одағының өңірлік филиалының жетекшісі, өнер колледжінің директоры, аудандық суретшілер мектебінің директоры – таланттар тобын шығарған дәуір замандастарының өмірлік жолы осы мазмұндағы жетістіктермен жалғасып кете береді.

Университетіміздің абыройлы профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, әріптесіміз Ілесхан Смановтың бірге оқыған замандастары атақ-абыройлы азаматтар болып қалыптасқан. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, профессор Ибрагимов Ұлықбек – Көркемсурет академиясының ректоры қызметін атқарып, қазақтың алғашқы бейнелеу өнері әдістемесін түзген. Қазақстан Суретшілер Одағының тағы бір мүшесі – Нұрлан Шилібаев – Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне жетекшілік жасап, республикаға, шет елдерге танымал мықты суретшілерді тәрбиелеген. Рахметулла Еділбайұлы – танымал суретшілердің алтын бесігі Төлеби ауданында көркемсурет мектебінің директоры қызметін атқарып, балалардың көркемдік қабілеті мен шығармашылық қиялын шыңдауға үлес қосуда.

Осы топтағы жарық жұлдызды тағы бір тума талант – Бибіажар Иманбекқызы Симова. Қазақстан Шеберлер Одағының, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, танымал қолөнерші, тоқымалық өнердің хас шебері атанған Бибіажар Иманбекқызы кезінде Үндістанға, Мәскеуде өткен көрмелерге қатысқан. Ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ағалық ақыл-кеңесін алған, Ғани Ілияевтан бейнелеу өнерінің шеберліктерін меңгерген дарын иесі.

Түлектердің осы тәрізді өрнекті өмірлік жолы – университетіміздің қалыптасу тарихынан сыр шертеді. ОҚМПУ табысты түлектерін әрқашан мақтан тұтып, марқаятын болады.