Елбасының абыздық ақылы елге қуат

14.04.20

Әлемдегі талай елді әбігер етіп жатқан аурудан сақтану мақсатында үйлерінде «карантинде» отырған оңтүстік жұртының назарын сәуірдің сегізінде табиғат ананың тартуындай жауған ақ жаңбыры мен аздап болса да ұшқындап түсіп жатқан қарынан гөрі ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елдің назарына ұсынылған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы көбірек аударды.

Бір білгеніміз Елбасының халқына арнаған сөздерін елі де ерекше ынтамен күтетіні дер едік. Бұл жолы да Елбасы барлық азаматтарды бірлік пен жігер көрсете отырып, қол жеткен білім мен байлығымызды одан ары еселеуге, ең бастысы оларды елдің тұтастығын, халықтың саулығын сақтауға жұмсауға шақырды. Өзінің халықпен әрқашан да бірге екенін білдірген Елбасы сөзінен бүгінге дейінгі елімізді түрлі қиыншылықтардан алып шыққан «Ел бірлігі мен сенімі» екенін тілге тиек етті.

Елбасы өзінің әрекеттерінде Абыз Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық, достық шақырады» деген қағидасына сүйене отырып «достық, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстанғанын» айта келе, Қазақстанның бүгінгі жетістіктері сол достықтың арқасы екеніне тоқталды. Достықтың әлем бойынша керектігін бұрыннан көтеріп келе жатқан Елбасы кеше ғана бірін бірі саясатпен «тұқыртуға тырысқан елдердің» бүгінгі күні әлемді шарлаған індеттен өзара қол созып, құтылуға қарай бірлескен әрекеттеріне де назар аударды. Өз сөзінде еліміздің болашағы әлемдегі осындай достық пейілдерден тыс бола алмайтынын да байқатты. Және де осы үдерістерге «Бұл-жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы» деп баға берді.

Бұл – адам жанының нәзіктігін көрсететін шақ, сонымен қатар халықтың денсаулығы мен аман-саулығын алғашқы орынға қойып, әр адам өмірінің құндылығын бағалаумен Үкіметіміз бен Денсаулық сақтау министрлігінің қабылдап отырған аса қажетті және тиімді амал тәсілдері. Осы қысылтаяң шақта мемлекетіміздің барша күш-жігері халықтың денсаулығын сақтауға бағытталып отырғанын әрбір қазақстандық жоғары бағалауда.

Бүгінде еліміздің дәрігерлер қауымының өкілдері өздерінің «Денсаулық сақтау сақшылары» атағына лайықтығын көрсетіп, алдыңғы шепте – ауруханаларда  күндіз-түні жанқиярлықпен еңбек етуде. Осы азаматтар мен азаматшалардың бейбіт күнде көрсетіп отырған ерлігі халықтың шынайы алғысын иеленуімен қатар мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алатыны сөзсіз.

Иә, бүгінгі қиын күндерде елдің ертеңгі күнге сенімі мен үмітін арттыруда, ең бастысы ел бірлігі мен ауызбіршіліктің арқасында осы бір індеттен құтылар күнді аңсап үйде отырған елге Елбасының қуатты үні үлкен жігер берді.

Елбасы мақаласынан ұққанымыз «Мәңгілік елге» Қазақстанды апаратын тек достық пейіл, достық көңіл және достық әрекет екені болды. Біз біргеміз!

Қайрат АНАРБАЕВ, ОҚМПУ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты.

http://okg.kz/article/?id=20731&alias=elbasynyn-abyzdyq-aqyly-elge-quat