Ұлтты ұйыстырар – ұлылық

14.04.20

Бүгінгі таңда бүкіл дүниежүзілік сипат алып, адамзат үшін басты қатерге айналған «COVID-19» вирусы біздің елімізге де қауіп төндіруде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімімен елде дер кезінде төтенше жағдай жарияланып, қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылуда.

Бірін-бірі іздеп, кездесіп-қауышып, бауырына басып, хал-жағдай сұрасып, құшақтасып  жататын қонақжай халықтың оқшауланғанына да айға жуықтады. Алғашында карантиннің жай-жапсарын түсіне қоймаған халық ақырындап тәртіпке бас иіп келеді. Әрине, «сақтансаң сақтайды» дегенді ескермей, қаннен-қаперсіз, бұрынғы қамсыз қалпынан ажырай алмай жүрген ағайын да бар. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын баталы сөзге тоқтаған аталы ел жылы қабылдады. Ділмар шешендігі мен ел басқарар көсемдігі ананың сүтімен ғана емес, даланың топырағымен сіңген қазақ үшін Елбасының бұл үндеуін дер кезінде жарық көрген құнды дүние болды деп ойлаймын.

Тәуелсіз Қазақ елінің тарихын қалыптастырып, керегесін кеңейткен,  әр шаңырақта  шаттық күйін орнатып, әлемге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел үшін еткен еңбегі тарих беттеріне алтын әріптермен бедерленері сөзсіз. Өз мақаласында Тұңғыш Президентіміз соңғы отыз жылға жуық мерзімде қол жеткізген толағай табыстарды айта келіп, ел-жұртты сабырлы болуға, тоқтамға шақырады. Қабылданған, жүзеге асқан бағдарламалар, нәтижелі шешімдер, жеңістер мен жетістіктер – мұның барлығына қазақ өзінің ауызбіршілігімен, ерен еңбекқорлығымен қол жеткізді. Басшыға бағынды, азаттықтың әрбір ақ таңын үлкен үмітпен қарсы алды. Кемелді келешекке деген нық сеніммен жігерленді. Үміт алдамады, сенім ақталды.

Төтенше жағдай жарияланған қазіргі сәтте сабыр мен төзім сынға түсері анық. Ел басына күн туған кезеңде әдеттегідей халқымен бірге екенін мәлімдеген тұңғыш Президент «Бұл - бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз» деп елді серпілтті. Көптің күпті көңілінің күдігін сейілтті. Қалың жұрт шүкіршілігін айтып, тоқтамға тәубе десті. Иә, «тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары - ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын». Ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, Атырау – Арқа – Алатау - Алтайға дейінгі ұлан байтақ жердің сақталуы ­ - қазақтың ұлылығының арқасы. Ұлылық – ұлтты ұйыстырар ұлы күш. Ұлылық – ұлттың тектілігі мен қанына сіңген ғажап қасиеттері. Соның бірі – қазақтың уәжді сөзге тоқтап, баталы сөзден аспауы, бірлікті мұрат тұтуы.  «Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал»,-деді Елбасы өз еңбегінде. Жасыратыны жоқ, түрлі алып-қашпа әңгімелер шығып, жаны жабырқаулы жұртшылық әбігерге салынып, қаланы тастап, ауыл-ауылға үдере көшкені де рас.  Ел Президентінен бастап билік басындағы барлық азаматтар сақтық шараларын жасап, үйде қалуға үндеді. Мемлекетімізде карантин жарияланып, үкімет халыққа барынша жағдай жасауда. Бұқарлық ақпарат құралдары арқылы болып жатқан түрлі жағдайлардың барлығы еліміздің бұл төтенше жағдайға дайын еместігін көрсетсе керек. Әйтсе де Президентіміз дер кезінде төтенше жағдай жариялап, індеттің таралуын біршама азайтты деуге толық негіз бар.

Қазақ қашаннан бірлік пен ынтымақты, татулықты ту еткен. Алаш көсемі атанған Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндесе, халқымыз: «Татулық табылмас бақыт» деп, ал Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Екі ғасыр бұрын қазақтың сайын даласына  тағдырдың түрлі жолымен келген әлем саяхатшылары мен ғалымдар, дипломаттар өз естеліктерінде халқымыздың айрықша қонақжай, сабырлы, бейбіт, өз бетінше соғыс ашпаған, жерін қорғау жолында асқан ерлік көрсеткен бірлігі бекем батыр ел екенін сүйсіне жазған. Қазақ жерінің ұлан байтақ кең даласының бүгінгі мұрагерлері ата-бабадан мирас болған ұлттық ерекшелік қасиеттерді сақтаса бұл қиындықты да еңсерері сөзсіз. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласында маған айрықша әсер еткен мына тұсына тоқталғым келеді:  «Адамның өзіне деген сенімі - үлкен күш. Бұл бойымызға - қажыр, денемізге - қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді». Алмағайып заманда өзінің бір үзім нанын өзгеге бөліп берген жаны жомарт, жүрегі жақұт қазақтың қайырымдылығы мен мейірбандығын ешкіммен, ешнәрсемен салыстыра алмаймыз. ХХ ғасырдың бірінші жартысында түрлі себептермен қазақ жеріне қоныстанған сандаған ұлт өкілдерінің бүгінгі таңда қазақтармен туғанындай біте қайнасып, тату-тәтті бірге ғұмыр кешіп келе жатқандары осы қасиетінен деп білемін. Бұл ең алдымен қазақтың қанындағы кісілік қасиетінде жатса керек. Кісілік қазаққа қайдан келді десек, дәстүрлі қазақ мәдениетінде кісілікке жетелейтін рухани күштер жетерлік. Олардың арасында намыс ерекше маңызға ие. Намыс – қазақты қаншама азаптан аман алып шыққан ар туы. Намыс азаматтықтың басты бір көрінісі. Жерінің ұлтарақтай бөлігін жау қолына бермей, жаным – арымның садағасы деп, қасық қаны қалғанша шайқастырған күрескерлік, ерлікті тудырған да қазақтың осы қасиеті.  Намыс – бірлікке бастар жол. Бірлік – еліміздегі ең биік ұғым, сан ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиеті.

«Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек» – тәуелсіз елдің ыстығы мен суығына төзіп, Қазақстанды әлемдік аренаға шығарған Елбасы еліне осылай деді. Қазадан да қайыр іздейтін қазақ бұл сынақты да аман-есен игереді деп сенемін. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Оқу процесі тоқтаған жоқ. Еліміздегі орта және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру салаларында қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Әрине, туындап жатқан біршама мәселелер бар. Өз кезегінде олар да шешімін табары сөзсіз. Бізге тек сабырлылық танытып, тәртіпке бағыну керек. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері де төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша білімін жалғастыруда. Ақпараттық ғасырда онлайн түрде немесе қашықтықтан білім алу – қолжетімді. Бастысы – әлем, адамзат, еліміз, халқымыз аман болғай! 

Гүлжан СҮГІРБАЕВА, ОҚМПУ ректоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

http://okg.kz/article/?id=20730&alias=ultty-uiystyrar-%E2%80%93-ulylyq