Қашықтан оқыту педагогпен күнделікті қарым-қатынасты алмастыра ала ма?

18.05.20

Адамзатқа қауіп төндірген пандемия әлем тынысына үлкен өзгеріс алып келді. Дүниежүзілік экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуі, әлемдік жалпы ішкі өнімнің едәуір түсуі, шикізат бағасының құлдырауы  әлемдік рецессияны туындатып, жағдайды күрделендіруде. Дағдарыс кезінде елімізде кешенді, жүйелі шаралар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Төтенше жағдай режимін қамтамсыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында қашықтан оқыту жүйесіне толықтай көшу туралы айта келіп, «Білімді барынша икемді жасап, балалар мен студенттерді қашықтан оқыту режимінің хаттамалары мен әдістемелерін әзірлеу, еліміздің барлық оқу орындарын шынайы цифрландыруды аяқтау қажет. Заманауи қашықтан оқыту технологияларын қарқынды енгізу қажет. Білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап шығып, оларды қолжетімді және интерактивті жасау керек. Педагогтардың өзін дайындау жаңа талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылуы тиіс» деген талаптар қойды.

Уақыт бізден өмірде болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Бүгінгі таңда сала министрлігі орта, арнайы, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының барлығында енгізілген қашықтан оқытуды, оның жүзеге асу жолдарын қадағалап, мониторинг жасап отыр. Екі айдан бері еліміздегі барлық жоғары оқу орындары бір-бірімен тәжірибе алмасып, қашықтан оқуды біршама игерді десек болады. Қашықтан оқыту технологиясы оқытушы мен студентке анағұрлым көп еркіндік берді. Білім алушылар өздеріне ыңғайлы уақытта тапсырмаларды орындап, өздігінен іздене бастады. Оқытушы материал мазмұнын жедел түрде өзгерте отырып, қашықтан оқытуға сай дайындалған түрде студентке ұсынуда. Мұның барлығы қашықтан оқыту технологиясының дамуы, ал бұл процесс біздің білім беру жүйесінің болашағына айналуы да мүмкін.  Себебі, тарихы ХІХ ғасырдан басталатын қашықтан оқыту төтенше жағдай кезінде әлемде кең ауқымда дами бастады.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті де еліміздің барлық жоғары оқу орындары сияқты қашықтан білім беруде. Біз көп нәрсе үйрендік, өз мүмкіндіктеріміз бен күш-қуатымызды, дайындық деңгейімізді танып, кемшіліктермен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Әрине, үйренеріміз қаншалықты көп болса, үйретеріміз де жетерлік. Әр күн, әр сәт жаңа білім көкжиегін сыйлауда. Қашықтан оқытуға көшудегі жұмыстың қарқынды болғаны соншалық бізге күн сайын ғана емес, сағат сайын тиімді шешімдер қабылдауға тура келді. Себебі, әр шешімнің астарында адам тағдыры тұрды.  Күнделікті жұмысқа келіп, сабағын беріп, студенттермен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген педагогтар өміріне онлайн, оффлайн, прокторинг сияқты ұғымдар мен терминдер енді. Білім және ғылым министрлігі бұйрық шығарған сәттен бастап біз де тиісінше қашықтан оқытуға көшуге дайындықты шұғыл түрде ұйымдастыра бастадық. Карантинге қарамастан университет үздіксіз штаттық режимде жұмыс істеуі керек еді, ал ол үшін барлық ішкі процестерді қайта қарау керек болды. Төтенше жағдай енгізілген алғашқы күндері санаулы сағаттарда сандық білім беру ресурстары орталығының қызметкерлері қашықтан оқыту технологиясын қолдану бойынша нұсқаулықтар жасап, оқытушылар мен студенттер үшін арнайы семинарлар өткізді. Бұған дейін де білім беру саласында цифрлы технологиялар оқу үдерісіне белсенді енген болса, карантин кезінде бұл процесс қарқынды дамыды.

Қашықтан оқыту технологиясы біздің университетте төтенше жағдайға дейін де қолданылып келген. Сондықтан педагогтар үшін қиындық тудырған жоқ. Тек қазіргі жағдайдағы ерекшелік – оқытушылардың арнайы жабдықталған университет дәрісханаларынан емес, өз шаңырағында отырып сабақ жүргізуде. Ал білім алушылар үшін бұл, әрине, жаңа, әдеттен тыс іс болды. Бүгінге дейін төрт мыңға жуық студентті бір мезетте қашықтан оқыту – тәжірибемізде болмағаны рас. Оқытушылар мен білім алушыларға жаңаша көзқараспен қайта машықтанып, дағдылануға  тура келді. Күн сайын педагогтармен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Білім және ғылым министрлігі – ЖОО басшылары – оқытушылар мен білім алушылар: ­үздіксіз тізбегі құрылып, жұмыс үдей түсті. Университетте үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету, коммуникация және кері байланысты қолдау үшін Call-орталық іске қосылды. Қазір оқытушы-профессорлар арасында белсенді түрде тәжірибе алмасу жүріп жатыр. Вебинарлар, онлайн семинарлар өз ішімізде ғана емес, сонымен қатар басқа жоғары оқу орындарындағы әріптестермен де өткізілуде. Бұл жөнінде бізге Білім және ғылым министрлігі баға жетпес көмек көрсетіп келеді. Қазір оқытуды басқарудың негізгі жүйесі «UNIVER 2.0» ақпараттық-білім беру порталы мен қосымша жүйелер – ZOOM, WEBEX, Whats APP, Youtube платформалары болып отыр. Бұдан басқа электрондық пошта жүйелері де қолданылуда – mail.ru, gmail.com, google.com.құжаттардың бұлтты қоймалары, Google бұлтты кеңселік сервистері. Zoom мен WEBEX – ­ сабақтардың барлық түрлерін тікелей трансляциялау және тақырып бойынша өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігін береді.

Әр жоғары оқу орнының өз конституциясы – Академиялық саясаты бар. Онда ЖОО-ға түсуден бастап диплом алуға дейінгі барлық ережелер жазылған. Сондықтан төтенше жағдайға байланысты бұрын бекітілген ережелерге шұғыл өзгерістер енгізу және қашықтан оқытуға көшуге орай жаңа ережелер жасап, бекіту қажеттілігі туындады. Осы мақсатта біз ғылыми кеңес мәжілісін онлайн режимінде өткіздік және  «Барлық оқу нысандары мен барлық деңгейдегі білім алушыларға қашықтан білім беру технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережесін» бекіттік. Сол кезде «Қашықтан оқыту кезінде оқытушының кәсіби қызметіндегі педагогикалық әдеп ережелері» де қабылданды. Және мұның барлығы ашық талқылана отырып, жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, білім алушылармен байланыс жасау үшін өзімнен бастап, проректорлар, факультет декандары инстаграмм, фейсбук сынды әлеуметтік желілерде видеоконференциялар мен тікелей эфирлер өткізуді үрдіске айналдырдық. Онда жауапты басшылар өздеріне қатысты сұрақтарға жауап береді және өзіне  тиісті қызметтік құзырындағы мәселелерді шешеді.

Президенттің «Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді» деген бастамасын қолдай отырып, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге, жетім балаларға, ақылы негізде оқитын ЖОО оқытушыларының балаларына жеңілдіктер беру туралы «Университет студенттері мен магистранттарына білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы ереже» қабылданып, ол 1 сәуірден бастап күшіне енді. Бүгінгі таңда 3 тұл жетім студентке оқу жылының екінші жарты жылдығына 100 пайыз, ал  көп балалы отбасынан шыққан  3 студентке және университет қызметкерлерінің бізде оқитын 3 студент баласына 30 пайыз жеңілдік берілді. Сонымен бірге Түркістан облысындағы Мақтаарал, Төле би, Қазығұрт аудандарын су басуына байланысты туындаған төтенше жағдайға орай университет ұжымы бір күндік жалақысын сол аймақтарда тұратын студенттердің отбасына әлеуметтік көмек ретінде аударды. Және қашықтан оқыту оқытушылар мен білім алушыларды компьютерлермен, ноутбуктермен, планшеттермен қамтамасыз етуді талап етті. Университет  тарапынан барлық мұқтаждарға моноблоктар мен планшеттер, көп балалы қызметкерлерге, жасөспірімдер үйінде тұратын білім алушыларға компьютерлер берілді. Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар арасында сауалнама жүргізіліп, қашықтан оқытудың артықшылықтары мен кемшіліктеріне талдау жүргізілді. Биылғы оқу жылында бізде 1300 шетелдік студент білім алып, олардың көпшілігі отанына оралды. Түркіменстан мен Өзбекстаннан келген 14 студент ғана осында қалды. Біз оларды университет аумағындағы ең жақсы жатақханаға орналастырдық, барлық қажетті компьютерлермен қамтамасыз еттік, қаржылай да көмек көрсетілді.

Әрине, көптеген түйткілді мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, интернеттің барлық жерде қолжетімді болмауы. Біздің білім алушылардың көпшілігі Түркістан облысы мен Өзбекстанның қалалары мен ауылдарында тұрады. Психологиялық тұрғыдан оқшаулау жағдайында педагогтардың қолдауынсыз өзін-өзі оқыту алғашқыда студенттер үшін өте қиынға соққаны рас. Осы тұрғыда білім алушыларға көмек көрсету мақсатында университетте психологиялық көмек көрсету орталығы құрылды.

Қазір қашықтан білім беру болашағы туралы алуан пікір айтылуда. Ғаламторда мектебі мен мұғалімін, достарын сағынып жылаған балалардың видеороликтері мен қазіргі төтенше жағдайға байланысты түрлі пікірлер көбейді. Баласын оқытудан алғашқы күні-ақ шаршап, шынын айтқан ата-аналардың шынайы тілегі ұстаздың қадірін арттырды. Біз де студенттерімізді, қоңырау үнін сағындық. Студенттердің елден жолдаған видеолары мен сәлемдерін тыңдағанда еріксіз толқисың. Олардың өз білім ордасына деген сүйіспеншіліктерін сезінгенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Дәл қазіргі жағдайда қашықтан оқыту білім беруде бірден - бір шешім болғаны анық, әйтсе де болашақ мұғалімдер даярлауда педагогпен күнделікті қарым-қатынасты алмастыра алмайтыны да жасырын емес. Бұл – біз даярлайтын мамандықтың ерекшелігі.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті өңірдегі тарихы терең педагогикалық жоғары оқу орны ретінде өзіне артылған міндетті орындауда және жоғары білікті мамандарды дайындауда барлық күш-жігерін жұмсауда. Педагогтың еңбегіне деген құрмет бізге жауапкершілік жүктейді. Білім көкжиегінің бұл белесін елмен бірге бағындырарымыз сөзсіз.

 

Гүлжан СҮГІРБАЕВА,

ОҚМПУ ректоры м.а. тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Шымкент