Қашықтықтан оқытуды үйлестіру орталығы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқыту 2011-2012 оқу жылынан бері қолданысқа енгізілген. Бүгінгі күнге дейін қашықтықтан білім беру технологиялары техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім және жоғары білім базасындағы қысқартылған білім бағдарламасы бойынша білім алушыларға, сонымен қатар жоғары білім деңгейінде білім алушылардың алмасу бағдарламасы бойынша мемлекет аумағынан тысқары шыққан білім алушыларға қолданылып келеді. Университеттің барлық мамандық шығарушы кафедралары қашықтықтан білім беру технологияларын оқу процесін ұйымдастыру және жүйелі басқару жұмыстарында қолданады. Университет дайындап шығаратын 33 мамандықтың білім беру бағдарламасы бойынша қашықтықтан білім беру технологияларын оқу процесін ұйымдастыруға қолдануды жүзеге асыруға «Қашықтықтан оқытуды үйлестіру орталығы» басшылық жүргізеді. 2011-2015 оқу жылдары аралығында «Қашықтықтан оқыту орталығы» болып аталып, оны п.ғ.д., профессор Л.Сманов басқарды. 2016 жылдың ақпан айынан бастап «Қашықтықтан оқытуды үйлестіру орталығына» Садық Болатбек Халдарұлы басшылық жасайды. Орталық өзінің жұмыстарында ҚР «Білім туралы» заңын, үкімет қаулыларын және білім және ғылым министрінің бұйрықтарымен бекітілген нормативтік құжаттарды басшылыққа алады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша оқытудың негізгі құралы ретінде «Univer» бағдарламалық-аппараттық кешені мен «Moodle» қашықтықтан оқытуды басқарушы ақпараттық жүйесі қолданылады. «Univer» және «Moodle» автоматтандырылған ақпараттық жүйелерінде бейне-лекциялар; мультимедиалық лекциялар; бейнеконференциялар; телеконференциялар; электрондық оқу басылымдары бойынша (электрондық оқулықтар, мультимедиалық оқыту бағдарламалары, тренажерлар, ақпараттық-анықтамалық жүйелер) білім алушылардың өзіндік жұмыстары, виртуалды зертханалық (лабораториялық) практикумдар (имитациялық модельдер); компьютерлік тестілеу жүйелері; форумдар, чаттар мен электрондық пошта арқылы консультациялар жүргізіледі. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін университеттегі қашықтықтан білім беру технологиясын пайдалану арқылы іске асыратын барлық оқу жоспарларының пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелік кешендері жасалынған және автоматтандырылған ақпараттық желілер арқылы қолданысқа енгізілген. 2011-2017 оқу жылдары аралығында қашықтықтан білім беру технологиясын қолдану арқылы оқып, бітірген және педагогикалық мамандықтардың иесі атанған түлектеріміздің саны мыңнан асады.