ЖАСТАРДЫ ЖАТ ӘДЕТТЕН САҚТАНДЫРДЫ

 

«Шаңырақ» оқу ғимаратының Мұхтар Шаханов орталығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің жастармен кездесуі болды.

Бұл кездесудің студенттер мен оқытушылар үшін маңызы зор. Мамандар оқу сессиясы, басқа да кезеңдерде оқу-бағалау процесі мәселесін білім арқылы емес, теріс және оңай әрекеттермен шешкісі келетін пиғылдың соңы өкінішті жайттарға ұласатынын деректермен мысалға келтірді.

Кездесуде департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимылдағы жастардың рөлі туралы кеңірек түсінік берді. ОҚМПУ Тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Қайрат Анарбаев «Парасаттылық — заман талабы» тақырыбында баяндама оқыса, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының маманы, жас ғалым Әзімхан Исабек Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов шығармаларындағы парасаттылық құндылықтары туралы ой қозғады.

Іс-шараны университеттің басқарма мүшесі, стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Қашқынқызы Исабек жүргізіп отырды. Жиын соңы студенттердің сұрақ-жауап кезеңіне ұласты.