ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де осындай тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосу жазушы, драматург, публицист, педагог Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жыл толуына арналып ұйымдастырды.  

Қатысушы қонақтар алдымен жазушыға орнатылған ескерткіш тақта мен бюсттің ашылу салтанатты шарасына қатысты. Ескерткіш тақтаның лентасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы мен университеттің директорлар кеңесінің төрағасы, қоғамдық-саяси қайраткер Оразалы Сәбден қиды. 

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жүсіпбек Аймауытұлының туған інісі Жақыпбектің немересі Бауыржан Самықұлы Ысқақов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, ректор кеңесшісі, белгілі ғалым , жазушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек бюсттың ашылуында естеліктерін толғады. 

Салтанатты шара соңы «Қазақстан» мәжіліс залында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты.

 Конференция ҚР Ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауымен ашылды. Сондай-ақ, ҚР Ғылым жəне жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төраға міндетін атқарушы Бекет Əліғожин құттықтау сөз сөйледі. Ғалымдар мен тұлғатанушылар жазушы еңбектері мен Шымкентте өмір сүрген жылдарындағы шығармашлық кезеңі туралы зерттеулерін көпшілік назарына ұсынды.