КЕЛЕШЕККЕ ДЕГЕН  СЕНІМ

15.10.20

          Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласының жариялануы – еліміз үшін бір серпіліс болатыны анық. Терең ойымен ерекшеленетін мақаладан ең бастысы келешекке деген нық сенімді байқауға болады.

Елбасының «Ұлылықты ұғыну – бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс» дегені шын мәнісіндегі рухани құндылықты биіктен таныған қазақтың болмысын танытады.

        Тұңғыш Елбасының «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деп Абайды жоғары бағалағаны – қазақ тарихындағы бұлтармас  ақиқат.

       Әрбір қазақтың өзіне қоюға тиісті «Менің  Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалына елбасының берген жауабы да ұлттық тәрбие дәстүрімен, ел әдебиетімен сабақтасып жатыр.

       Елбасының мақаласы автобиографиялық сипатымен, тұлғаның жүрекжарды сезімдерінің көрініс беруімен ерекшеленеді. Бала кезіндегі ана сүтімен берілген зеректігіне, балалық қиялмен, көңілмен көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне  ынтызарлығына сүйсінесіз! Даналықтың бастауын танисыз! Кемелділіктің бастау бұлағының тұнық болғанына куә боласыз!

Құрыштай  шыңдалған тұлғаның өмір баспалдақтары өнегелі ғұмыр жолынан сыр шертеді. «... өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқан» буынның тұлғаны тереңінен таныған рухани дәстүрі  кейінгі ұрпаққа да жұғысты болғай!..  

       Ұлы даладағы ұлт тарихын «Тоныкөктің – кемеңгер Білге қағаны, беріде құтты қоныс іздеген Асан Қайғының  – Жәнібек ханы, мұнан соң көмекей әулие Бұқардың – Абылай ханы, тіпті одан да кейініректе Нысанбай жыраудың Кенесарысы» деп тарқата келе, Абайдың заманындағы империялық саясат арқылы толық бодандыққа душар болған қазақтың мұңы – Абай трагедиясы болғанын тереңнен толғап жеткізеді. Абай рухани дүниесімен, ұлттық болмысымен қазақтың жаны мен жүрегіне айналғандықтан да кемеңгер жазушы М.Әуезов: «Алда өмір, тартыс. Сол тартыста жалғыз. Шыға келсе, жапа-жалғыз. Рас оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық» деген болатын. Абай жолы – халық жолы болатын.

Елбасының еңбегінен Абайдың үміті – халқының кемелділікке ұмтылып, әлемге биіктен таныла береді деген келешекке  сенімін байқаймыз.

Елбасы «елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан»  Абайдың арманы орындалып, бүгінгі күнде салтанатты елордасы бар егемен мемлекеттің  жасампаз ұрпағына да  үлкен сенім білдіреді.

Елбасы мақаласы – жастарға жігерлі күш-қуат беретін, елге сенім артқан, рухани тағлымы өнегелі, рухты дүние!

 Кажиакбарова Раушан   филология факультетінің доценті