ТІЛ ҮЙРЕНУ АЯСЫ КЕҢЕЙЕДІ

 

Университет оқытушылары мен білім алушыларына әлем тілдерін үйренуге тағы бір жақсы мүмкіндік туып тұр. Ол үшін Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ресми өкілдері ынтымақтастық келісім ұсынуда.

Серіктес жоғары оқу орнынан келген әріптестерді университеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ержан Керімбеков пен академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айнаш Құдышева қабылдады.

ХҚТУ ректор өкілі, профессор Пеями Баттал, ректор өкілінің кеңесшісі Селим Өзер, лингвистикалық орталық директоры Толга Байындыр және Тугай Парлак тіл үйрету жолындағы тиімді ұсыныстарымен бөлісті.

Қонақтардың айтуынша, лингвистикалық орталықта қазақ, орыс, ағылшын, араб, түрік тілдерін үйретеді. Үздік студенттер Түркияның Стамбул, Анкара, Измир, Кайсери және басқа да қалаларында орналасқан университеттердегі жазғы-қысқы мектептерге орталықтың қаржыландыруы есебінен жіберіледі.

Сондай-ақ, оқу үлгерімі жоғары және түрік тілінен С1 деңгейлі сертификаты бар 10 студентке Түркияның ЖОО-ларына академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жазғы-қысқы мектепке жолдама беріледі.