ОҚМПУ СТУДЕНТТЕРІ ҮЗДІК АТАНДЫ

25.12.20

 

 

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «ҮЗДІК ЖАСТАР - 2020» премиясын салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай Шымкент қаласының көркеюіне үлес қосып, түрлі салалар бойынша жетістіктерге жеткен жастар 29 номинация бойынша марапатталды. Аталған шарада оқу ордамыздың 4 студенті үздік атанды.
Атап айтқанда, "Үздік студент» номинациясын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 2-курс магистранты Сейтмұрат Нұрсұлу Орынәліқызы, «Үздік пікірсайысшы» номинациясын Филология факультетінің 4-курс студенті Жолтай Алтынай Бақытжанқызы, «Үздік жас ақын» номинациясын Филология факультетінің 2-курс студенті Тоқташ Толғанай иеленсе, «Үздік шығармашылық ұжым» номинациясын университетіміздің «Ақбаян» студенттік сән театры иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өткізіліп, номинация иегерлеріне қала әкімінің атынан диплом, арнайы статуэтка және 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық табыс етілді.  Салтанатты марапаттау іс-шарасына Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Бектаева, сондай-ақ, номинация иегерлері, олардың отбасы мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. 
Марапаттау рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!