БІЛІМ САПАСЫ ПЕДАГОГ БІЛІКТІ БОЛСА ЖАҚСАРАДЫ

 

Бүгінде мектеп мұғаліміне көңіл толмаушылық неге көбейді? Мектептердегі білім сапасын жақсарту үшін білікті ұстазды қалай даярлауға болады? Бұл мәселе қазіргі таңда әлем педагог ғалымдарын алаңдатып отырған жайт. Айталық, жоғары оқу орнына қала мен дала баласы бірге оқуға түседі. Тіпті, олармен бірге НЗМ, БИЛ, «Дарын» мектептерінің түлегі де бір топта оқуы мүмкін. Олардың білім сапасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бірақ, барлығын бір оқытушы даярлап, бірдей нәтиже күтіледі. Студенттің әлеуметтік жағдайы, өскен ортасы мен психологиялық ахуалын айтпағанның өзінде бұл жоғары білім беруде аса маңызды.

Міне, осындай мәселелер еліміздегі педагогикалық ЖОО проректорларының қатысуымен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде кеңінен талқыланды. Жиынға университеттің Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айнаш Құдышова, Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков, Қорқыт-ата атындағы Қызылорда университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Дана Абдрашова, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Нұрлан Медетов, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдиев қатысты.

Нәтижесінде жоғары білім беруде университеттермен бірлесе отырып халықаралық тәжірибені енгізу жолдары нақтыланып, алты бағыт анықталды. Ғылыми зерттеу мәдениетін дамыту, зерттеу дағдыларын дамыту, мәселелерді тиімді шешу жолдары ұсынылды.