«БІЗДІҢ ТАНЫМАЛ ТҮЛЕКТЕР» АЙДАРЫМЕН ЖАРИЯЛАНЫМДАР ТОПТАМАСЫН ШЫҒАРАМЫЗ

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті 1937 жылы Шымкент мұғалімдер институты болып ашылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 70 мыңнан астам жоғары білімі бар педагогикалық кадрлар даярлап шығарды. Жоғары оқу орнын бітірген алғашқы толқын халық арасындағы ағартушылық қызметке жұмылып, оңтүстік өңіріндегі жалпы орта білім беру жүйесін орнықтыруға өлшеусіз үлесін қосты.

Өткен ғасырдың орта тұсынан бастап Шымкент педагогикалық институты білім беру жүйесіне қажетті білікті мамандар даярлайтын бірегей оқу орны ретінде танылып, облыс көлемінде ғана емес, республикамыздың басқа да аймақтары үшін пән мұғалімдерін, тіл мамандарын, көркемсурет және графика, өнер, музыкалық білім, дене шынықтыру және спорт мамандарын даярлады.

Оқу орнының қазіргі миссиясы интеллектуалдық қабілеті жоғары, білім беру ісінің инновациялық технологияларын жақсы меңгерген, адами капиталдың сапасын арттыруда жаңашылдыққа ұмтылатын, ғылым-білім-тәрбие сынды үш тіректі кәсіби негіз етіп алған қазіргі заманғы педагог кадрларды даярлау міндетімен ұштасып отыр.

Қалыптасу тарихының барлық кезеңінде білім ордасының атын жақсы жағынан танытқан түлектеріміз аз болған жоқ. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, білім мен өнер майталмандары, ғалымдар, белгілі спорт шеберлері бар.

ОҚМПУ-дың абырой-беделін арттырған тұлғалар жөнінде келесі аптадан бастап университеттің ақпараттық ресурстарында «Біздің танымал түлектер» айдарымен жарияланымдар топтамасын шығаруды мақсат тұтып отырмыз. Еңбек жолында табысқа жеткен тұлғаларымызды үлгі тұтып, олардың өмірлік жолынан өнеге алар тұстарымыз көп деп білеміз. Баршаңызды осы бастамамызды қолдауға шақырамыз!