ОҚМПУ-ДЫҢ ЖАҢА БУЫН ПЕДАГОГ КАДРЛАРЫН ДАЯРЛАУДАҒЫ МҮМКІНДІКТЕРІ САРАЛАНДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жұмысымен, оқу базасымен және инфрақұрылымдық әлеуетімен танысты.

ОҚМПУ Басқарма төрағасы-ректор т.ғ.к., доцент Гүлжан Сүгірбаева университет қызметін трансформациялау бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады, жаңа форматтағы педагогтарды даярлаудың басымдықтарын іске асырудағы бастамалар жөнінде мағлұмат берді.

Жұмыс сапары барысында еліміздің Ғылым және жоғары білім министріне ОҚМПУ археологиялық жасағы ашқан бірегей тарихи жаңалықтар жөнінде ақпар беріліп, осы жасақтың бастамасымен ашылған 800-ге жуық тарихи жәдігерлері сақтауға алынған археологиялық көрме таныстырылды. Бас оқу ғимаратында ашылған «Ұлт ұстаздары», «Өзбекәлі Жәнібеков» ғылым орталықтарының қызметі баяндалып, университеттің қоғаммен кері байланыс орнықтыру, ғылыми талдау-сарапшылық қызметті жолға қою міндеттері аясында бастамашылық жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Университеттің оқу базасы мен инфрақұрылымдық әлеуетін бағалауда министр оқу орнының робототехника кабинетінің, оқу лабораторияларының, бейнестудияның технологиялық жабдықталуымен танысты. Білім алушылардың ғылыми ізденістерімен келген интерактивті өнімдер, оның ішінде анимациялық роликтер жөнінде ақпарат алды.

Қоғамдық кәсіптер орталығында Саясат Нұрбек этнопедагогиканың негізі болып табылатын айтыс, домбыра, қолөнер, ұлттық дефиле, аспаптар жасау, бейнелеу өнері сынды дәстүрлі өнер үйірмелерінің жұмысымен танысты. Аталған шығармашылық ұжымдар «жаңа буын» ізденушілерін даярлауды, дәстүрлі өнер түрлерін игеруді, жастардың тұлғалық қабілетін шыңдауды мақсат тұтады.

Жаңа буын педагог кадрларды даярлауда ОҚМПУ қалыптасқан дәстүр мен жаңашылдық талаптарын қатар алып жүргені айтылып, бұл жұмыстар бүгін Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда баяндалған елдік міндеттермен үйлесім табатынына назар аударылды.

Дереккөз https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/576089?lang=kk