ОҚМПУ-ДАН КЕЗЕКТІ ТҮЛЕКТЕР ТОБЫ ҚАНАТЫН ҚАҚТЫ

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде айтулы күн. Алтын ұядан кезекті түлектер тобы қанатын қақты. Биыл университетті бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша 1264 түлек бітіріп, жоғары білімін растайтын дипломға қол жеткізіп отыр.

Қалыптасқан дәстүрге сай диплом табыстау рәсімін тарих және педагогика факультеті алғашқылардың бірі болып бастады. Мұнда педагогиканың өзегі болған мамандықтар бойынша 313 бітіруші дипломын алды.

Түлектердің жүрекжарды қуанышымен бөлісуге университеттің Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева арнайы қатысты. Бітіруші түлектерге ақжарма тілеген арнаған ректор тарих және педагогика факультетін университет бойынша ең көп білім алушы аяқтап жатқанын айтты. Оның ішінде 65 түлектің оқу орнын үздік дипломмен бітіріп жатқанын жақсылыққа балады.

Айта кету керек, ұстаздық өнерді шебер меңгеріп, терең білімімен, алғырлық қасиетімен, даналық қабілетімен оқу орнын үздік дипломмен бітірген 190 түлекке диплом табыстау рәсімі 29 маусымда сағат 17.00-де Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығында өтеді. Салтанатты шара елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылады.

Келіңіздер, мамандық алған жас толқынға қолдаушы болыңыздар!