МАҚСАТЫМЫЗ — ЖАЙЛЫ УНИВЕРСИТЕТ ЖАСАУ

 

Болашақ маман атанғысы келетін студенттерге білім беріп қана қоймай, олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы орта қалыптастыру университет назарынан әркез тыс қалған емес.

Кеше осы мақсатта білім ұясының табалдырығын имене аттаған бірінші курс студенттерімен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Студенттерге оқу, тәрбие, ғылым жөніндегі проректорларды, басқа да тікелей жауапты мамандарды жақыннан таныстырып, қандай да мәселесі болса тікелей жолығып, шешімін табуға көмектесетінін түсіндірдім.

Университетіміз еліміз бойынша білімгерлерді жүз пайыз жатақханамен қамтамасыз етіп отырған оқу орны. Қазіргі таңда бос орындар әлі де жастарды күтуде. Жатақ жағдайы қинап жүрген жастарға бұл мүмкіндіктің де бар екенін жеткіздік.

Бүгінде оқу орнымызда «Қазына», «Шаңырақ», «Тұмар» ғимараттары жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде студенттердің мейлінше еркін, өздерін қолайлы сезінуге жасалған жағдай. Біздің мақсатымыз — оқу-тәрбие процесімен қатар, жастарға жайлы университет жасау болып табылады.

Еркін форматта өткен кездесу соңы ашық микрофонға ұласты. Студенттерді мазалап жүрген мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап бердім. Ашық кездесу оқу жылы бойы жалғасын табатын болады.

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ ректоры Г.Д. Сүгірбаева