ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Ғылым апталығы аясында бүгін оқу ордамыздың «Шаңырақ» ғимаратында «Жас ғалымдардың мүмкіндіктері мен жауапкершілігі» тақырыбындағы ғылыми-әдіснамалық семинар өтті.

Семинар жұмысын университеттің жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Баян Сапарбекқызы Уәлиханова жүргізіп, оған білім ордамыздың жас ғалымдары, докторанттары мен магистранттары, ғылым саласына жауапты оқытушы-профессорлық құрам қатысты.

Семинарда энергияның өрісті қуаты, нанотехнологиялардың игілігі, адамзат денсаулығын нығайту мүмкіндіктері, мемлекеттің биологиялық қауіпсіздігін қамтуда гендік инженерияны дамытудың көкжиегі, физикада материяның макроскопиялық және микроскопиялық қасиеттерін зерттеуге бағытталған фундаменталды ғылымды дамытудың жаңа әдістері тақырыбында әлемдік және отандық ғалымдардың зерттеу нәтижелері таныстырылды.

Инновациялар мен технологиялар арқылы жоғары еңбек өнімділігін қамтамасыз ету қазақстандық ғылымды дамыту саласындағы басымдық болып отыр. Университетіміздің жас ғалымдары ғылым саласындағы бүгінгідей кең мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, бар жауапкершілігімен бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуымызға, еліміздің қуатын арттыруға өзіндік үлестерін қосады деген сенімдеміз.