«ЖАҢА ҚАДАМ», СТУДЕНТКЕ СӘТТІЛІК

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Жаңа қадам» атты арнау кеш өтті. Атаулы шара биыл университетке жаңадан қабылданған 1 курс студенттеріне арналды. Салтанатты сауық кешін университеттің Басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашты.

— Бүгінгі кеш жаңа өмірге жолдама алған студенттерге арналып отыр. «Жаңа қадам» деп атау беруіміз де сондықтан. Бұл кеш сіздердің көңілдеріңізді көтеруге ғана емес, алдағы ұзақ өмір сапарларыңызға сәтті қадам тілейтін жиын. Өздеріңізге қарап осыдан 40 жыл бұрын университетке дәл сіздердей келген албырт шағым еске түсіп тұр. Әрқайсыңыздың еліміздің кемел келешегіне қызмет етер азамат болып шығатыныңызға сенемін, - деді.

Концерттік бағдарлама университет өнерпаз студенттерінің қатысуымен өтті. Сахна шымылдығы дене шынықтыру және спорт факультетінің 2 курс студенті Мұхаммадұлы Даниалдың орындауындағы «Jana qadam» әнімен ашылды.

Қаладағы «Ramada ballroom» мейрамханасында өткен салтанатты сауық кешіне қатысқан студенттердің өнері кәсіби өнерпаздардан кем болмады. Хореограф, би үйірмесінің жетекшісі Ергебекова Ләззаттың жетекшілігімен «Тұмар», «Аsterio» би ансамблдерінің заманауи биі көрермендердің көзайымына айналды. Сахналық костюм, көңілді ырғақ аясындағы әсем тербеліс жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй ғана емес, эстетикалық әсер сыйлады.

Қалыбек Рахат пен Төлбай Естайдың орындауындағы «Өзгеріс» әні, филология факультетінің 1 курс студенті Сәрсенбай Айғанымның орындауындағы «Келемін саған» әндері де жастық жарасым тапқан. ОҚПУ студенттерінен құралған «Келші, келші, бермен келші құдаша» әнін 15 жігіт пен 15 қыздың ретро стиліндегі би ырғағымен орындап шығуы ұстаздар көңіліне ностальгия ұялатқандай.

Белгілі эстрада әншісі Дастан Оразбектің арнайы келіп әннен шашу шашуы жастар үшін күтпеген тосынсый болды. «Көк аспан», «Бір өзің», « Екеуміз» сияқты он шақты әнді студенттер сүйікті әншілерімен қосыла орындап, биледі. Нұрлан Нұргерімнің жүргізуімен өткен кеш барысында қызықты ойындар ойнатылды. Ұтыс иелеріне жүлделер табыс етілді. Жеңімпаздарға арналған сыйлықтар да студенттердің тұрмыстық қажеттілігіне қарай ойластырылыпты. Жеңімпаздардың үтік, кір жайғыш, тағы басқа күнделікті қажетті сияқты заттарды сыйлыққа алуы ұтымды әрі қызықты болды.

Ауқымды шараны ұйымдастыруда тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті басшысы Қ. Анарбаевтың, жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Б. Тасболатұлының, мәдениет бөлімінің басшысы Г. Әмірғалиеваның еңбегін айта кеткен жөн. Арнаулы кештің соңы жастарға арналған би кешіне жалғасты.