Педагогтың кәсіби дамуының кепілі не?

 

Тарих және педагогика факультетіне қарасты «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасының профессор-оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру және әдістемелік тұрғыдан жетілдіру мақсатында ашық семинар ұйымдастырылды. Семинар тақырыбы «Білім сапасын арттыруда әдістемелік жұмыстардың тиімділігі» деп аталды.

Іс-шарада кафедраның аға оқытушысы, п.ғ.к. З. Қуанышбаева «ЖОО-да білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда сабақ үрдісін ұйымдастырудың тиімді әдістері» тақырыбында тәжірибелік сабақтар көрсетті. Сонымен бірге «Өрлеу» БА ҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша КДИ филиалының аға оқытушысы М.Мұсаева «Lesson study – зерттеу сабағы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, аға оқытушы Н. Әзбердиева «Бастауыш сыныпта қысқа мерзімді сабақты ұйымдастыруда оқу мақсатына сәйкес қалыптастырушы тапсырмаларды әзірлеудің тиімді тәсілдері» тақырыбында тренингтер мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.

Семинарға қатысушылар білім беру мазмұнын айқындайтын нормативтік-құқықтық құжаттармен, заманауи білім берудегі педагогикалық технологиялар мен интербелсенді оқытуды қолданудың әдістемесімен танысты. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында сабақты ұйымдастыру, білім алушыны бағалау маңыздылығын түсініп, оны іске асыру, қолданудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп, кәсіби құзыреттілігін арттырды.