ЖАҢҒЫРҒАН «ҚАЗЫҒҰРТ»

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде осындай атпен мерекелік концерт өтті. Өнер кеші ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, оқу ордасының құрылғанына 85 жыл толуы және «Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Кешті университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашып, ансамбль мүшелерін мерекелік медальмен және Алғыс хатпен марапаттады. «Қазығұрт» ансамблінің ұйымдастырылуына бірден-бір себепкер Ұлбосын Қарымбекқызына университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ концертке құрметті қонақ ретінде қатысқан Түркістан облысы мәслихатының депутаты Керімхан Қадырбек өнерпаздар мен ұлғатты ұстаздарға облыс мәслихатының марапаттарын тапсырды. Мұнан соң көпшілік университет ұстаздары мен білімгерлерден құралып, ширек ғасырдан бері қазақ елін әнмен тербеп келе жатқан «Қазығұрт» ансамблінің өнерін тамашалады. Концертте университет түлектері: әнші Алтынай Жорабаева, опера тарланы Ерлан Жандарбай, Жазира Тұрсынбекова, Болатбек Әжібаев та өнер көрсетті. Өнер ұжымының аға буыны мен бүгінгі құрамы бірлесіп, бірнеше музыкалық шығармаларды нәшіне келтіріп орындап шықты. «Қазығұрт» фольклорлық ансамбліне 1996 жылдары Ләззат Әріпбаева музыкалық жетекшілік етті. Бүгінгі таңда өнер ұжымын Айман Қарсыбаева басқарып келеді. Ерекше мақтанышпен айтуға болатын жайт, өнер ұжымы Кеңестер Одағы бойынша ұйымдастырылған «Студенттік көктем-1987» байқауының бас жүлдегері болып, Москва телеарнасынан «Товарищ песня» бағдарламасына қатсып, Одақ көлемінде танылған болатын.