Мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері

24-12-2022

Елордамыз Нұр-Сұлтаннан ақжолтай хабар келді. Сүйінші! ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. Қ. Ерғалиевтің 23.12.2021 жылғы №600 бұйрығына сәйкес университетіміздің ғалымы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Мәдібекова Ғалия Мүтәліқызы мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанды.

Оқу орнымыздың мақтанышы Ғалия Мәдібекова Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Көмешбұлақ елді мекенінде мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1973 жылы орта мектепті алтын медальмен, Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірген. Ол еңбек жолын 1978 жылы Қазақ химия-технология институтында инженерлік қызметтен бастады. 1980-1988 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалында, 1988 жылы Шымкент педагогикалық институтында химия-биология мамандығы бойынша оқытушы болып еңбек етті. Ал 1988-2021 жылдар аралығында ОҚМПУ-да оқытушы, аға оқытушы, доцент, факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінгі таңда химия кафедрасында профессор м.а. қызметімен бірге студент жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға баулып келеді.

Ғалия Мүтәліқызы – Қазақ ұлттық университетінің Коллоидты химия кафедрасымен және Макс Планк институтымен (Германия) шығармашылық байланыс орнатқан майталман маман. Химия ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Мұсабеков, С.Б.Айдарова және Рейнхард Миллермен бірлесе отырып судаерігіш полимерлердің коллоидты-химиялық қасиеттерін зерттеп, осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Зерттеу нәтижелері бойынша жазылған ғылыми еңбектері мен ғылыми мақалалары Флорида мен Амстердам қаласында және Испания, Германия, Англия, Финляндия, Чехия, Турция, Әзірбайжан елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда баяндалып, материалдар жинағында жарық көрді.

Ғылыми жұмыстарының нәтижесі бойынша алынған бірнеше патенттері бар.

Ғылыми жобаларға қатысуы:

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы негізінде виртуальды зертхана дайындау ғылыми орталығын құру арқылы болашақ педагогтардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру» жобасының жетекшісі болды. Нәтижесінде 4 виртуальды зертханалық жұмыс дайындалды, Бұл еңбегі сапалық анализ пәні бойынша оқу процесіне енгізілді.

Ғалия Мәдібекова

2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан үлесі үшін “Құрмет грамотасымен” марапатталды. “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грант иегері.

ОҚО мәслихатының мақтау қағазын, ОҚМПИ бойынша «ҒЗЖ үздік нәтижелері» номинациясын иеленді.

ОҚМПУ-дың 80 жылдығына орай "ҚР. Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен марапатталды.

2020 жылы. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының 2020 күнтізбе жылы бойынша Үздік леп танылып, III ДӘРЕЖЕЛІ Дипломмен марапатталды. Ұлағатты ұстаз 250-ден аса ғылыми еңбектің, 4 монографияның авторы. Web of Science, Scopus базаларында тіркелген импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарда бірнеше мақалалары жарық көрген.

Қазақ ғылымына осылайша үлкен үлес қосып келе жатқан ғалым – Мәдібекова Ғалия Мүтәліқызын тағы бір белесті бағындырған жемісті жетістігімен құттықтаймыз!!!