Гази университетінің Құрметті Профессоры

04-01-2022

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаева бастаған делегация Түркия Республикасы Анкара қаласында орналасқан Гази университетіне келді. Гази университетінің арнайы шақыртуымен іске асырылған бұл екі жақты кездесу шеңберінде педагогикалық мамандар даярлау мәселесіне қатысты келелі мәселелер сөз болды.

Гази университеті 1926 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің бұйрығымен мұғалімдер даярлайтын институт ретінде құрылған.

Қазіргі уақытта Гази университеті 25 факультеттен тұрады, 18 ғылыми-зерттеу орталығын және бірқатар басқа бөлімдерді қамтиды. Университетте 45 мыңға жуық студент, оның ішінде Орталық Азиядағы түркі елдерінен келген 1500 студент білім алуда.

Университетте 3 мыңнан астам оқытушы-профессорлар дәріс береді.

Түркиядағы ең беделді университеттердің бірі бола отырып, Гази университеті тұрақты түрде елдегі ең жақсы 20 университеттің қатарында. Оқу орнының студенттері үшін әртүрлі халықаралық алмасу бағдарламалары бар. Екі ай бұрын жасалған бірлескен меморандум аясында ОҚМПУ-дың 10 студенті қазір осында білім алып отыр.

Оқу орнының заманауи жабдықталған өз кітапханасы бар. Оқу орны Еуропалық университеттер қауымдастығының (EUA) және Ислам әлемі университеттері федерациясының Federation of the Universities of the Islamic World (FUIW) мүшесі болып табылады.

Гази университеті жетістіктері:

- MIT Technology Review жариялаған «Әлемдегі ең ықпалды университеттер» рейтингінде 274-орын;

- 2018-2019 ж. дәйексөз рейтингінде 541-орын;

- 2018-2019 жылғы сапалы басылымдар рейтингінде 854-орын;

-2017 жылы «International Publication Incentive Award» халықаралық басылымды ынталандыру сыйлығы.

- жас ғалымдарға еңбекақы төлеу бағдарламасының (GEBP) аясындағы марапаттар.

- Түрік ғылым академиясының (TÜBA) түпнұсқа ғылыми және аударма жұмыстары үшін (TECEP) марапаттары бар.

Ең маңыздысы, Түркия Республикасынды 95 жылдан астам педагогикалық мамандар даярлап отырған бірден-бір оқу орны болып табылады.

Кездесу барысында тараптар білім беру мен ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ академиялық ұтқырлық аясында оқытушылар мен студенттерді алмастыру жұмысын жандандыруға уағдаласты.

Нәтижелі өткен ынтымақтастық кездесуі қорытындысы бойынша, ОҚМПУ Ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаеваға Гази университетінің Құрметті Профессоры атағы берілді.