Түркілер туыстығы арта түсті

04-01-2022

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева басшылығындағы делегация Стамбул қаласындағы Гелишим университеті мен Анкарадағы Гази университетінде арнайы іс-сапармен болды. Гелишим - бүкіл Европадағы және Түркиядағы жоғары оқу орындары арасында 63 оқу бағдарламасы бойынша жастарға білім беріп келе жатқан жоғары оқу ордасы. Оның құрамына 6 факультет, 2 кәсіби мектеп және диплом алғаннан кейінгі институт кіреді. Жоғары оқу орны бүгінгі таңда Түркия мемлекетінің барлық саласына қажетті 35 мың 809 үздік және білімді маман даярлап шығарған. Түркия елінің арнайы шақыртуымен ұйымдастырылған екі жақты кездесу барысында ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту, сондай-ақ академиялық ұтқырлық аясында оқытушылар мен студенттердің білім және тәжірибе алмасуын жандандыруға уағдаласты. Екіжақты ынтымақтастық кездесуінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педогогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаеваға Гази университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Гази университеті 1926 жылы ұлт көсемі Мұстафа Кемел Ататүріктің бұйрығымен мұғалімдер даярлайтын институт болып құрылған. Бүгінгі таңда мұнда 28 факультет бар. Сондай-ақ 18 ғылыми орталық пен бөлімдер жұмыс істейді. Университетте 45 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 1,5 мыңы Орта Азия мемлекеттерінен келген жастар. Осыдан 2ай бұрын түзілген меморандум аясында қазір ОҚМПУ-дың 10 студенті осында білімін жалғастырып жатыр.