Ұстазым – ұлағатым, үлгі - өнегем

       Ұстаз – әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз. Елімізде қазанның бірінші жексенбісі әрдайым адам өміріндегі ұлы тұлға – ұстаздарды ұлықтауға арналады. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 30-қыркүйек күні Ұстаздар мен Қарттар күніне арналған «Ұстазым – ұлағатым, үлгі - өнегем» атты мерекелік концерт өтті.

      Салтанатты кеш шымылдығын университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашып ұлағатты ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады, жылы лебіздерін арнады. Оқу орнымыздың бірқатар жетістіктерін атап өтті. Қадірлі қонақтардың қатарын оқу ордамызды ардагер ұстаздары да толықтырды. Қасиетті қара шаңырақтың алып бәйтерегіндей болған ардагер ұстаз Қапира Садуақасқызына «ОҚМПУ профессоры» атағы берілді. Мұндай құрметке Қапира апайдың ізін жалғап келе жатқан Клара Қаражігітова апайымыз да ие болды.

     Сонымен бірге бірқатар мұғалімдер қауымы 2022-2023 оқу жылындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру бағдарламасы бойынша 500000 мен 2000000 теңге көлемінде грант ұтып алды. Олардың қатарында 500000 теңге - Дамира Белесоваға, 1000000 теңге Айдайқыз Байбатшаева, Ғалия Мәдібекова, Альмира Ибашоваға, 2000000 теңге Халима Сартаева мен Алданазар Әмірбекұлына бұйырды. Мұнан өзге бір топ мұғалімдер қауымы ректордың алғыс хаты мен қаржылай сыйақыларға ие болды.

      Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Кеш қонақтары сыңғырлаған әсем ән мен күмбірлеген күміс күйдің әуезді үніне құлақ асып, концерт тамаша деңгейде өз мәресіне жетті. Кеш соңында қадірменді көпшілік ардагер ұстаздардың университет аллеясына білім алушы жастарға арнап ағаштар еккеніне куә болды.