ЦИФРЛЫ КЕҢІСТІК ҚҰРУ – ДӘУІР ТАЛАБЫ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мақсат Туғанбай, Tolem электронды төлем компаниясының ресми өкілі, «Digital road» IT саласындағы кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Сейдулла Кеңесбай арнайы келіп, университеттің жауапты басшыларымен цифрлы кеңістікті жылжытудағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

ОҚМПУ-дің маркетинг және мансап департаментінің бастамасымен жүзеге асқан кездесуде университет алаңында Astana Hub халықаралық ІТ-стартап технопаркінің Шымкент қаласы бойынша филиалын құру мүмкіндіктері қарастырылды.

Ақпараттық технологиялардың үздік моделдерін білім беру бағдарламасымен ұштастырып, технологияның білім мен ғылым саласына кірігуінде блокчейн-индустрияның озық тәжірибелері ортасын құру бастамасы көтерілді.

ІТ саласының мамандары жастарды цифрлы технологиялар әзірлеуге тарту, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, білім беру саласындағы ақпараттық жүйелердің тиімділік форматын жаңарту, пән мұғалімдерінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында кешенді жұмыстар атқаруға болатынын айтып, ОҚМПУ-мен орнықты әріптестік байланыс орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.