ОҚМПУ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ ДӘСТҮРІН ҮЗДІКСІЗ ЖАЛҒАЙДЫ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ауласы «Тұмар», «Қылқобыз», «Натюрморт», «Адырна», «Домбыра», «Кітап» сынды студенттер қолынан шыққан бірегей ағаш мүсіндерімен көмкерілген.

Суретшілер тобымен бірлесе жасалған өнер туындылары ұлттық классицизм аспектілерін көрсетіп, халқымызға тән мәдени және рухани танымның шығармашылық мазмұнын білдіреді. Мүсін пішіндерінің тақырыптық орындалуы әркелкі болғанымен, олар ортақ аллегориялық жүйеге бірігіп ұлттық рухани болмысты бейнелейді. Ағаш мүсіндерінің формаларында ұлттық динамизм рухы, халқымыздың дүниетаным байлығы, эмоционалдық кескін-келбеті бедерленген.

Университет кешенін ашық аспан астындағы мұражай концептуалды көзқарасының шеңберінде жасақтауда, ОҚМПУ-дің беделін өнерлі орта дәстүрін үздіксіз жалғаушы, талантты шеберлердің шығармашылығын шыңдаушы және көркемдік идеяларына қанық педагог мамандарды даярлау ортасы ретінде ілгерілету міндетін көздейді.

Білім беру процессін ұтымды әдістермен ұштастырып, оны көркем ой мен шығармашылық принциптермен үйлестіруде Самат Утеболатовтың жетекшілігіндегі аспаптар жасау үйірмесі студенттердің тұлғалық дамуына мүмкіндік ашып, оларды көркемдік доктринаның бұлжымас қағидаларына баулып келеді.

Студенттер университет қабырғасында академиялық білім алып қана қоймай, тұлғалық жеке қызығушылығы мен қарым-қабілетіне қарай ағаш қашау арқылы абстрактілі әдемілік көріністерін қалыптастыруды, түрлі пішіндегі қазақ ұлттық музыкалық аспаптарын жасауды, көркемдік сипаттағы сәндік өнердің нәзік әлемін сезінуді үйренеді.

Үйірме жетекшісі Самат Кенесұлы музыка мектебінің фортепиано сыныбын бітірген. Алматы қаласындағы №14 кәсіптік-техникалық училищесін «Ұлттық аспаптар жасау» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтаған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді «Мәдени-тынығу жұмыстарын ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітіріп, «Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамбілінің бес аспапта ойнайтын белді мүшесі атанған.

Еңбек жолын Шымкент қаласындағы №75 мектепте еңбек пәні мұғалімі қызметінен бастаған тәжірибелі ұстаз қалалық «Өнерлі ұстаз» байқауының 1-орын иегері, облыстық «Өнерлі ұстаз» байқауының жүлдегері атанған. Қалалық, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өзінің және оқушыларының үздік қолөнер туындылары үшін С.Утеболатов салалық басқармалардың Алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлттық өнер жолындағы жемісті еңбегі үшін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің мерейтойлық төсбелгісімен наградталып, Түркістан облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен наградталған.