ОҚМПУ-ДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАСТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде студенттер арасында өткен «Мен таңдаған оқу орны» және «Мен болашақ ұстазбын» онлайн байқауларының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқауда студенттер өздерінің шығармашылық қарым-қабілетімен білім алып жатқан мамандықтың ерекшеліктерін сипаттап, кәсіби шеберлікке адалдық ұстанымдарын білдірді. ОҚМПУ-дің педагогикалық мамандар даярлаудағы бірегей оқу орны екенін көрсетіп, білім ордасының ғылыми мүмкіндіктерін, оқытушы-профессорлық құрамның саналы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектерін ашып көрсетті. Ал бітіруші курстың студенттері «Мен болашақ ұстазбын» тақырыбында шығарма жазып, ұстаздың абыройлы кәсіп тұрғысындағы мазмұнын ашты.

Байқауға қатысып, үздік деп танылған жас таланттарды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма мүшесі - стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Қашқынқызы Исабек құттықтап, байқау жеңімпаздарының дипломдарын табыс етті.

«Университеттің абыройын көтеру, рейтингтік бағасын арттыру үшін биыл студенттер арасында әлеуметтік желі платформасында байқау өткізуді қолға алдық. Шәкірттеріміз шығарма эссе жазып, оны әлеуметтік желіде ілгерілетуді іске асырды. Студенттердің өзіндік жұмыстарына риза болған тұстарымыз көп болды, жастардың ой ұшқырлығы, шығармашылық шеберлігі қуантты. Осы байқау арқылы жастардың тынысын танып, жігерлі үнін естігіміз келді. Абыройлы кәсіп – мұғалім болудың мәртебесін ашып, мерейін үстем еттіңіздер. Студенттік өмірдің жарқын белесі болып қалатын осынау игі шараға қатысып, университеттің беделін арттыруға қосқан үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін»,- деді Б.Қашқынқызы өз құттықтауында.

Университеттің басқарма мүшесі – әкімшілік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ербол Сәбитұлы Шаланов студенттерге байқаудың ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.

Айта кету керек, 1-3 курс студенттері арасындағы «Мен таңдаған оқу орны» байқауында І-орынға филология факультетінің 3 курс студенті А.Ештаева, ІІ-орынға – жаратылыстану факультетінің 1 курс студенті А.Тургинбек, ІІІ-орынға – филология факультетінің 1 курс студенті А.Назарбаева лайық деп танылды.

Бітіруші IV курс студенттері арасындағы «Мен болашақ ұстазбын» байқауында І-орынды – жаратылыстану факультетінен А.Утегенова, ІІ және ІІІ орындарды – дене шынықтыру және спорт факультетінен Ф.Жусанова мен А.Жаңабай иеленді.

Байқау жеңімпазы атанған шәкірттерге заманның алды болсын деген ниетпен IPhone смартфоны тарту етілді.