ОҚМПУ ЖОҒАРЫ БІЛІМНІҢ ЖАҢА САПАЛЫҚ ДЕҢГЕЙІНЕ ЖАУАП БЕРЕДІ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің алты білім беру бағдарламасы IQAA сапа стандарттарына сәйкестілігі бағалануда. Білім беру бағдарламаларын аккредиттеу жұмыстары Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына, Жоғары білім сапасын қамтамасыздандырудың еуропалық стандарттары мен нұсқаулықтарына (ESG) және жоғары білім беру бағдарламаларының аудиті бойынша халықаралық тәжірибеге сәйкес атқарылуда.

Сарапшылық топ өкілдері сыртқы аудит барысында ОҚМПУ проректорларымен сұхбат форматындағы жеке-дара әңгімелесулер өткізді. Сұхбаттасуда университетімізде сапалы білім алуды қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, стратегиялық басымдықтарының орындалуы, академиялық мәселелердің жүзеге асуы, оқу процесін цифрлық және әдістемелік қамту бастамалары, білім алушыларға қызмет көрсету тиімділіктері, кәсіптік практика бойынша талаптар, ғылыми жұмыстар мен инновациялық ерекшеліктер, ғылыми жарияланымдар саласындағы істер, инфрақұрылымдық даму мәселелері, оқу-материалдық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыстар жөнінде кең ауқымды мағлұматтар берілді.

Айта кету керек, сыртқы аудит жоғары білім беруді қамтамасыздандыру жөніндегі жауапкершілік деңгейін, сапалы жоғары білім алуда қоғам мен студенттер мүдделерінің ескерілуін және қорғалуын, жоғары білім беру бағдарламаларының әлеуметтік және кәсіби құзыреттілікке сәйкестілігін анықтап, ОҚМПУ-дің педагогикалық мамандар даярлаудағы сапалық параметрлерін растайды.

Фото Береке Сейітжаппар