Ұлыбританиядағы Newcastle University-де тағылымдамадан өтеді

 

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының директоры, Химия кафедрасының доценті, химия ғылымдарының кандидаты Аққоныр Жылысбаева «Болашақ» бағдарламасы «500 ғалым» жобасы грант иегері атанды.

Стипендиат Ұлыбританиядағы Newcastle University-де «Болашақ» халықаралық бағдарламасы «500 ғалым» жобасы бойынша Білім беру саласындағы зерттеулер бағытында «Химия бойынша практикалық эксперименттерді зерттеу және жасау, практикалық дағдыларды үйрету үшін сәйкес онлайн бағалау әдістерін әзірлеу» тақырыбында зерттеу жүргізеді.

А. Жылысбаева 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің К14А.03.17 диссертациялық кеңесiнде 03.00.16 – Экология (химия ғылымдары) мамандығы бойынша «Өндіріс қалдықтарын залалсыздандырудың және олардан қорғасынды бөліп алудың электрохимиялық әдісін жасау» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған. 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жаратылыстану ғылымдары саласындағы ең үздік жұмысы үшін дарынды жас ғалымдарға арналған Д.А. Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын екі рет 2009 және 2015 жылдары жеңіп алған.

2023 жылы ҚР білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосып, өркендеу жолында атқарған абыройлы еңбегі мен адал қызметі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ғалым бірнеше шет мемлекеттерде, атап айқатнда Орталық Европа Университеті (Венгрия), Мидлсекс университеті (Ұлыбритания), Кипр университеті (Кипр), Валенсия политехникалық университеті (Испания), Лейпциг университеті (Германия) және Erasmus Staff Teaching Mobility бағдарламасы бойынша Түркия Республикасының Гази университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша дәріс оқып, тәжірибе алмасқан. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық және республикалық ғылыми жобалар мен бағдарламалардың орындаушысы, 200-ден аса ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы.