"Орта білім беруді жаңғырту" бойынша оқыту курстары басталды

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті "Орта білім беруді жаңғырту" жобасын іске асыру шеңберінде оқыту курстарының алғашқы кезеңін бастады. Аталмыш жоба биыл жоғары оқу орындарының оқытушыларына әзірленген білім беру бағдарламаларын масштабтау бойынша ұйымдастырылды.

Оқыту курстары 5 қаңтар мен 30 сәуір аралығында кезең-кезеңімен, ал күндізгі оқу форматы 19 қаңтарға дейін Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ базасында өтеді. Арнайы білім жетілдіруге Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының, атап айтқанда Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент университеті, Ж.Тәшенов атындағы университеті, Орталық Азия инновациялық университетінің 226 профессор-оқытушылар құрамы қатысуда.

Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің академиялық істер департаментінің директоры, ф.-м.ғ.к. Дәулет Тұрдалиев, филология факультетінің деканы, ф.ғ.к. Жанар Масалиева, «Talant» апгрейд орталығының басшысы, PhD Қарлығаш Қоразбекова, 2023 жылғы 11-15 желтоқсан аралығында Астана қаласында KZEMP/DS-02 «Педагогикалық білім беру моделін жүзеге асыру және оның мазмұнын жандандыру» Дүниежүзілік банк жобасы аясында (Хаме Университеті, Финляндия) қазақстандық тренерлерді-оқытушыларды оқыту курсын аяқтаған болатын.

Курсты университет тренерлері және М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің тренері Орынқыз Жолдасова жүргізуде. Ал, ұлттық сарапшылар Назарбаев университетінен қауымдастырылған профессор Сұлушаш Керімқұлова және п.ғ.к. Айбаршын Болатова, Астана халықаралық университетінен т.ғ.к., PhD Айнұр Сейітхан онлайн форматта қолдау көрсетуде.