КІМ ЖҮЙРІК?

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен «Денсаулық» спартакиадасы өз мәресіне жетті. Тартысты спорт сайысының қорытындысы бойынша жеңімпаз құрама командалар анықталды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, додаға барлығы 7 команда қатысқан болатын. Олар баскетбол, кір тасын көтеру, арқан тарту, шахмат, үстел теннисі, волейбол сияқты спорт түрлерінен тартысты ойын бәсекесін көрсетті.

— Әріптестер бәсекесінде өнер және білім факультеті нің спортшыларына тең келер ешкім болмады. Тек шахматта ғана қарсыластарына ұпай ұттырып алды. Ақыл-ой спортының бұл түрінен ректорат мүшелері алдына жан салмады,- дейді «Тұран» спорт клубының басшысы Е. Балабаев.

Жарыс қорытындысына сәйкес, өнер және білім факультеті жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал, ректорат мүшелері екінші, жаратылыстану факультеті үшінші орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, қатысқан барлық командалар жинаған ұпай санына сәйкес қалған тиісті орындарды еншіледі.