АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАП ҚАЙТТЫ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті студенттері мен өнерпаздары Шымкенттегі Ардагерлер үйіне арнайы барып, қайырымдылық концертін өткізді. Концерт шымылдығы «Тұмар» би ансамблінің орындауындағы «Пиала» биімен ашылды.

«Айтыс» үйірмесінің жетекшісі, белгілі ақын Нұрғали Әнапия қарияларға арнап жырдан шашу шашты. «Эстрада» үйірмесінің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева мен «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі, белгілі күйші Шыңғыс Исаевтың орындауындағы шығармаларды ардагерлер ерекше ықыласпен қабыл алды.

Қайырымдылық шарасына өнер және білім факультетінің студенттері белсене атсалысты. Ал, денешынықтыру және спорт факультетінің студенті Даниял Мұхаммадұлының әндері жастық дәуренге жетеледі. Студенттер қариялармен бірге билеп, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

— Шараның мақсаты жастарды қайырымдылық жасау арқылы ізгілікке баулу және үлкендерді құрметтеуге шақыру, - дейді университеттің Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Қайрат Анарбаев. Мәдениет бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Гүлсанат Әмірғалиева ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ардагерлер дән риза болды.