ЖАБЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

 

Бүгін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің «Тұмар» оқу ғимаратында жабық спорттық кешен ашылды. Салтанатты шараны айтыскер ақын, «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия арнаумен ашты. Ал, Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөз сөйледі.

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, қарашаңырақ түлегі Ханбибі Есенқарақызы мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР Құрметті спорт қайраткері, каратэ-додан 6-дан иегері п.ғ.к., профессор, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дархан Асаділовтың ұстазы Мұзафар Темірханов жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Құрылысы қазан айында басталған кешен металл құрылымдарымен жасалған, ал іргетасы бетоннан жасалған монолитті таспа. Ал, сейсмикасы 7 балл. Өнер және білім, филология факультеттерінің студенттеріне арналған нысанның ұзындығы 35, ені 15 метр, биіктігі 8 метрді құрайды. Екі киім ауыстыратын, жуынатын арнайы бөлмелері бар.

Салтанатты шарадан кейін қонақтар «Тұмар» ғимаратын аралап көрді.