Тестілеу жоғары деңгейде ұйымдастырылды

10.08.21

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 19 шілдеде бекітілген «2021-2022 оқу жылына магистратураға кешенді тестілеу және шет тілдері бойынша түсу емтиханын өткізу туралы» №350 бұйрығына сәйкес, Шымкент қаласында магистратураға түсуші талапкерлерді кешенді тестілеу жүзеге асырылуда. Тестілеу «U-Study» аймақтық компьютерлік тест орталығы арқылы ұйымдастырылған. Аталмыш тестілеуді ұйымдастыру бойынша Өңірлік комиссия құрамы бекітілген. Комиссия төрайымы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, т.ғ.к., доцент Г.Д. Сүгірбаева, орынбасары – Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ғ.Ш. Битұрсын.

Комиссия құрамына Шымкент қалалық Білім басқармасынан, «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалынан, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық әкімдігінен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, Шымкент қаласы Ішкі істер департаментінен жауапты тұлғалар тартылған. Комиссия 2021 жылдың 30 шілдесі мен 7 тамызы аралығында кезекшілік міндетін атқаруда.

ОҚМПУ тарапынан талапкерлер үшін медициналық алғашқы жәрдем мен көз жанарына байланысты көмекке мұқтаж мүгедектерге арнайы мамандар қамтамасыз етілген.