Бірінші курс студенттері белсенділік танытуда

29.09.21

Шымкент қаласындағы Әл – Фараби   атындағы ғылыми – әмбебап кітапханасында       
жазушы, сценарист  Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелердің  өлімі» кітабындағы шығармалар желісі бойынша «Шындықтың шырағданы» тақырыбында әдеби кеш өтті. Тағылымды шарада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті  филология факультетінің бірінші курс студенттері  жазушының шығармаларынан монолог оқып  «Жыланның уы» мен «Сәмбі талдың мұңы» хикаяттары бойынша қойылым қойды. Автордың  шығармашылығына арналған слайд шолу жасап,  ғылыми пікірлер келтірді.
Әдеби кешке Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қарауылбек Қазиев атындағы сыйлықтың иегері, фантаст-жазушы Сарманбай Исақ, «Домалақ ана»  қорының президенті, кәсіпкер  Алтынбек  Төлепбеков, Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы  Қабыл Дүйсенби  қатысып, жазушының шығармашылығы жайлы өз пікірлерін білдірді.  Әдеби ортада
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, классик жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармаларын оқып, түсініп, талдап, оқырманға жеткізе білу - студенттердің болашақ филолог ретіндегі алғашқы жетістігі болып отыр. Университет студенттерінің білім жолындағы
 ізденіс пен толысу сапары әрі қарай да жалғасады.