ОҚМПУ СТУДЕНТІ – ЕУРОПА КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті дене шынықтыру және спорт факультетінің 1 курс студенті Сабира Юлдашбекова дзюдодан Еуропа кубогының жеңімпазы атанды.

Грузияның Гори қаласында Халықаралық дзюдо федерациясы Еуропалық дзюдо одағының бастамасымен өтіп жатқан беделді спорттық додаға Қазақстан Республикасының атынан бірнеше спортшымыз қатысып, бақ сынады.

Халықаралық спорттық аренада университетіміздің «Дене шынықтыру және спорт мұғалімін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша тәлім алып жатқан студентіміз жеңімпаз атанып, Қазақстанның Мемлекеттік Туын тұғырға қондырды.

Сабираны ел мерейін арттырған жеңісімен құттықтаймын!

Оқу ордамыздың дене шынықтыру және спорт факультетінің оқытушы-профессорлық құрамына алғысымды білдіре отырып, дарынды жастар тарбиелеп жатқан еңбектеріңізге табыстар тілеймін!

ОҚМПУ ректоры Г.Д.Сүгірбаева